Азамат Данияр: Кадрлық резерв тиімді әлеуметтік лифтке айналатынына сенім мол

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат. – «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр Президенттік жастар кадр резерві жөнінде өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар жылы жастарға қажетті жаңа жобалардың дүниеге келіп, іске асуына септігін тигізді, жаңа мүмкіндіктерге толы болды. Көптеген жастар жүзеге асырылған жобалардан өздерін таба алды. Осындай маңызды жобалардың бірі – Президенттік жастар кадрлық резерві. Бұл жоба кадрларды даярлау мен ілгерілету жүйесінің жетілгенін көрсетті. Бүгін ғана біз ТОП-300 жас құрамына кірген тізіммен таныстық. Шынайы жанашырлықпен, үлкен абыроймен қызметін атқарып жүрген әріптестерімді тізімнен таба алғаныма қуаныштымын. Мемлекет басшысы атап өткендей, кадрлық резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналатындығына сенемін», - дейді Азамат Данияр.

Оның айтуынша, Президенттік жастар кадр резерві - болашақта мемлекетіміздің басшылық қызметтеріне үміткер жас көшбасшыларды біріктіретін орта.

«Қазақстан жастары тек бір салада ғана мықты деп айтуға келмейді. Әр салада үздік танылып жүрген жастарымыз жетерлік. Сондықтан, кез келген салада бәсекеге қабілеттіміз деп есептеймін», - деді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қатарында 14 жыл көлемінде 300 000-нан аса жастар жұмыспен қамтылды. 2017 жылы «Жасыл ел – Жаңару» жобасы аясында ұйымның жұмыс үлгісіне өзгерістер енгізіліп, экологиялық бағытқа бет бұрдық. Осының негізінде биыл #TrashtagKZ, ECO Pack сынды Қазақстанның барлық аймақтарында 100-ге жуық экологиялық науқандар жүзеге асырылды. Бүлдіршіндердің экологиялық сауатын арттыру бойынша мультфильмдер желісі әзірленген еді.

Айта кетейік, күні кеше Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандықтың есімдері жарияланған еді.

Соңғы жаңалықтар