Әз-Наурызға орай Астанадағы басты салтанатты шаралар «Қазақ елі» монументінің алдында өтіп жатыр

None
None
  АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат / Руслан Ғаббасов / - Бүгін Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызға орай Астанадағы басты салтанатты шаралар «Қазақ елі» монументінің алдында өтіп жатыр.

Бұл мерекелік шараны елорда жұртшылығымен бірге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Назарбаев та тамашалауда. Айта кетейік, бүгін Наурыз мерекесі қаладағы «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы алдындағы саябақта, қала әкімдігі жанындағы алаңда және басқа да қаланың саябақтарында ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Қазақ елі» монументі алаңында сахналар,  қаз-қатар тігілген киіз үйлер, үлкен экрандар орнатылып, декоративті құрылымдар жабдықталған. Мұнда елорда тұрғындарына наурыз көже, бауырсақ және басқа да тағамдар ұсынылған. Сонымен қатар қазақ халқының болмыс-бітіміне, мәдениетіне негізделген түрлі көріністер және де қолөнершілердің ұйымдастырған көрмесімен танысуға болады. Түске қарай осы жердегі сахнада 400 адам қатысқан «Жер - Көк» музыкалық театрландырылған инсталляциясы басталады. Қойылымның басты бейнесі ретінде ұзақ ұйқыдан оянған, гүлдер мен балауса жасыл жейдесін жамылған, жаңарған дархан дала бейнеленеді. «Қазақ елі» алаңында мереке концерттік бағдарламаға ұласып, онда Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев, Тамара Асар, Қарақат, сондай-ақ «Белес» және «Қоңыр» топтары, «Наз» және «Алтын-ай» би ұжымдары, «Дос-Мұқасан», «Жігіттер» топтары өнер көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан халқы Ұлыстың ұлы күні Әз-наурызды 5 күн бойы мерекелейтін болады.

Соңғы жаңалықтар