Әз Наурыз - ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі

None
None
АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Наурыз - қазақтың Жаңа жылы! Тарихқа көз салсақ жыл басы мерекесі Наурыз - үш мың жылдан бері салтанатты түрде Балқаннан Орталық Азияға дейінгі ауқымды өңірде тойланып, өз бойына адамгершілік, достық пен төзімділік сынды құндылықтарды сіңірген мейрам.

Жалпы Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Мәселен, бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», соғдалықтар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған. Әлем халықтары арасындағы, оның ішінде күншығыс және Кавказ мұсылмандары арасында ежелгі мереке саналып келген Ұлыстың ұлық мейрамы Әз Наурыз 2010 жылғы БҰҰ қарарына орай әлемдік мереке ретінде аталып өтуде. Жыл басы мерекесі үшін бұндайлық халықаралық маңыз беретін бастаманы БҰҰ деңгейіне бауырлас Әзірбайжан тарапы ұсынған болатын. Кейіннен Наурыз қарарының жобасын БҰҰ-ға мүше мемлекеттер: Қазақстан, Албания, Ауғанстан, Әзірбайжан, Үндістан, Иран, Македония, Тәжікстан, Түрікменстан мен Түркия сынды елдер қарап шығып, өз ұсыныстарымен толықтырды. Сөйтіп, Наурыз ‑ бір ұлттың немесе бір ғана мәдениеттің мерекесі ретінде емес, бүкіл адамзат мұрасының құрамдас бір бөлігі ретінде өз орнын алып отыр.

Әз Наурыздың қазақ халқының өміріндегі рөлі де маңызды әрі ерекше. Басқасын айтпағанда осынау Ұлыстың ұлы күнін мемлекеттік мейрам ретінде белгілеп, үш күн бойына ресми мерекелеудің өзі де осыны аңғартса керек. Расында, елімізде Наурыздан өзге бірде-бір мереке ресми түрде үш күнге созылмайды. Ендеше Наурыз, ең алдымен, қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағы болып отыр. Жалпы, Наурыз - достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпы жұртшылыққа ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқы болуымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен, Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да мазмұнын да кеңейте түскен орынды.

Осылайша, халықаралық қауымдастық тарапынан ең ежелгі мерекелердің бірі болып мақұлданған Наурыздың мәртебесі көтерілсе, Қазақстан төл мейрамын тойлауды үш күнге ұзартып, мерекеге жаңа жылдық сипат беретін бастапқы жоралғыны жасаған секілді. Дегенмен, ендігі күні елімізде Наурызды Жаңа жыл ретінде ресми әйгілеудің кезі жеткен сыңайлы. Заң жүзінде үш күндік мерекелеуді белгілегеннен кейін, Наурызды ресми Жыл бастауы деп жариялау да кезек күттірмейтін мәселеге айналуы тиіс секілді.

Бұндай бастамаға Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та бірнеше мәрте қолдау білдіріп, түптің түбінде осылай болуы тиістігін алға тартқан болатын. Мәселен, 2009 жылы Президент: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл мереке әр уақытта халқымызда іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналатын. Қыстан, қиыннан шыққан халқымыз бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, келешектен бақыт тілеп, Наурыз көже ішетін болған. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан табысып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек», - деген болатын. Расында қазақ Жаңа жылын әлі күнге дейін І Петр енгізген қаңтардың 1-інен бастаудан арыла алмай келеді. Ендеше бұл мәселе де ресми шешімді күтіп отырған өзекті дүние.

Наурыз - нақты ғылыми, астрономиялық тұрғыдан алғанда да шынайы жаңа жыл мерекесі. Күн мен түннің теңеліп, көктемнің басталуы, тіршіліктің ұйқыдан оянып, жаңаруының басы. Сол үшін де бұндай Ұлық күнді Жаңа жыл деңгейінде атап өту - Наурызды мерекелеудің мазмұнына да, ауқымына да жаңаша көзқарас қалыптастыратын, жалпыхалықтық тойға айналатын еді. Екінші бір қырынан алғанда, қазақ үшін Наурыз - бұл ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі.

Тоқтала кететін тағы бір мәселе - Наурызды тойлаудың жөн-жосығы. Өйткені Кеңес одағы тұсындағы біршама үзілістен соң қазаққа қайта оралған Ұлыстың ұлы күнін үш күн мерекелеу қатардағы үш күндік демалыс ретінде қабылданбауы шарт. Ол үшін Ұлы күнді мерекелеудің ұлттық тұжырымдамасы енгізілсе игі. Бұл ретте Оңтүстік Қазақстан облысының биылғы Наурыз мейрамын айрықша атап өту тәжірибесі барша өңірлерге үлгі боларлық екенін байқатты. Атап айтқанда, биыл Наурыз мерекесін кеңінен тойлауға ауа райы, жер жағдайы ыңғайлы өңір - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі 2013 жылғы наурыз мейрамына арналған шараларды 14 наурыздан бастап, 23 наурызға дейін жалғастырып отыр. Елбасының Наурыз мейрамын тойлаудың тың үлгісін дайындау, Ұлыстың ұлы күнін затына сай жалпыхалықтық сипатқа, өзінің төл бейнесіне қайта қауыштыру туралы тапсырмасына орай оңтүстікте ұйымдастырылған биылғы мейрам халқымыздың көнеден келе жатқан «Наурызнама» дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталған. Осыған байланысты мерекелік шаралар 9 күнде 9 түрлі атау бойынша ұйымдастырылды. Әр күн өзіндік сипатта, өзіндік ерекшеліктермен аталып өтілді. Мәселен, 14 наурыз күніне «Көктем шуағы» атауы беріліп, облыс әкімі ардагерлерді көктемнің келуімен құттықтады. Жастар қарияларға қолғабыс жасап, түрлі қайырымдылық шараларын өткізеді. Бұл күн бір жағынан қазақтың арасында тек қана батыста ғана сақталып қалған «көрісу» дәстүрін жаңғырту болып отыр. Ал, 15 наурызға «Тағзым күні» атауы берілген. Бұл күні Шымкент қаласында Төле бидің 350 жылдығына, Абылай ханның 300 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтсе, мешіттерде ата-бабалар рухына арналып Құран бағышталды. 16 наурызда «Алас күні» атауымен жалпыхалықтық сенбілік өткізілді. «Аластау» ұғымы ертеректе «тазару, тазалану» дегенді білдіреді. Облыс аумағында бертінге дейін Наурыз мерекесі қарсаңында арықтарды тазалау, ағаш отырғызу дәстүрі болған. Сондықтан, мерекелік шаралар барысында бұл игі дәстүр жаңғыртылды. 17 наурыздың тақырыбы «Береке күні». Бұл күні түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Балалар үйлеріне, қарттар үйіне жәрдем берілді. 18 наурыз - «Өніс күні». Осы күні дүниеге келген сәбилерге сыйлықтар жасалып, аналар құттықтау алды. 19 наурыз - «Жайнау күні». Бұл күні барлық көшелер мен аулалар Ұлыстың ұлы күніне орай безендіріліп, түрлі көрмелер ұйымдастырылды. 20 наурыз - «Шаттық күні» деп аталды. Бұл күні түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, облыс басшылары зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Мерекенің сегізінші күні, 21 наурыз «Үйлесім күні» деп аталып, бұл күні мерекенің негізгі нышандарының бірі «Алтыбақан» тігілді. Түрлі этно-мәдени орталықтардың концерттік бағдарламалары ұсынылды. Тоғызыншы күн, 22 наурыз «Ұлыс күні» аталып, мерекенің негізгі шаралары өтуде.

Мінеки, осылайша Наурызға құрмет ретінде, Жаңа жылды қарсы алуға қатысты әрбір күнге мән мен маңыз берілуі мейрамның дәреже деңгейін көрсетеді емес пе?! Ендеше осындай игі бастамаларды ескере келе, Наурызды тойлаудың жөн-жосығын әлі де тереңірек ойластыра түсу қажет секілді. Өйткені, бүгінде жоғары маңыз берілген осы мейрамды жұртшылық арасында әдеттегі үш күндік демалыс күні секілді қабылдау басым секілді.

Соңғы жаңалықтар