Аз қамтылған отбасындағы оқушыларды әлеуметтік қолдауды күшейту керек - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жеке мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік-осал тобына жататын мектеп оқушылары әлеуметтік қолдауға мұқтаж. Сенатор Нұрлан Бекназаров Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол Білім және ғылыми минитрлігінің мәліметі бойынша елімізде 257 жекеменшік мектеп бар екенін айтты. Онда 64 мыңға жуық мектеп оқушысы оқиды. Олардың бір тобы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар. Шымкент қаласындағы ахуалды тілге тиек еткен Сенат депутаты бүгінде аталған қалада 34 жекеменшік мектепте халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 7 мыңға жуық бала білім алатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты аясында жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары мен жекеменшік мектептердегі білім алатын әлеуметтік көмекке мұқтаж санатындағы оқушыларды оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, киім және бір реттік тамақтандырумен қамтамасыз етуде теңсіздік орын алып отыр. Үкіметтің Қаулысы талаптарына сәйкес, аймақтардағы білім басқармалары әлеуметтік көмектермен тек мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің жоғарыда аталған санаттағы оқушыларын ғана қамтамасыз етеді», – деді Нұрлан Бекназаров Сенаттың жалпы отырысында.

Осыған байланысты сенатор жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушыларды қаржыландыру үшін қазіргі нормативтік құқықтық актілерді талапқа сай келтіру қажет екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар