Аз қамтылған отбасыдан шыққан талантты балаларды зияткерлік мектепте оқытуға грант бөлінуі тиіс - С. Жалмағамбетова

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Аз қамтылған отбасыдан шыққан талантты балаларды зияткерлік мектепте оқытуға грант бөлінуі тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Светлана Жалмағамбетова осылай мәлім етті.

«Елімізде білім жүйесін жетілдіру мен дамытуға байланысты көптеген шаралар жүзеге асуда. Соңғы уақытта құрылған «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектебі» секілді білім ошақтары - еліміздің заманға сай білім мекемелерін құрудағы айтулы қадамы. Біз бұны толық қолдаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда бұндай 3 мектеп болса, алдағы жылдары олардың саны 20-ға дейін жетпек», - деді сенатор.

Сонымен бірге, депутат алғашында зияткерлік мектептердегі оқу 7 сыныптан басталатыны және сол кезеңнен мемлекеттік гранттар бөлінетіні қарастырылғанын айтып, бірақ соңғы қабылданған шешім бойынша ашылған 3 мектепте де оқуға қабылдау 1-ші сыныптан басталғанын құптады. «Бұл дұрыс болды, ерте бастан білімге әзірлеу талантты балалардың қабілетін дамытуға жәрдемін тигізеді. Дегенмен, бүгінгі күні бұл мектептерде ақылы білім беруге қатысты проблема көтеріліп отыр. Оқу ақысын төлеу мемлекеттік бюджетпен бірге ата-аналар тарапынан да жасалады, оның үстіне бұндай мектептердегі оқу бағасы шапшаң өсуде. Мәселен, ағымдағы жылы Көкшеттау қаласында зияткерлік мектепте оқу ақысы жылына 240 мың теңгеге, Астана қаласында 300 мың теңгеге дейін артты. Бұл қандай да бір университетке төленетін мөлшерден жоғары әрі талантты баласы бар аз қамтылған отбасының «қалтасы» бұны көтермейді», деді С. Жалмағамбетова.

Осыған орай, депутат аз қамтылған отбасылардың талантты балалары үшін зияткерлік мектепте оқу грантын 1 -ші сыныптан бастап енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Соңғы жаңалықтар