Айжан Медеуова «пәтер» дауына байланысты өз еркімен қызметінен кететінін жариялады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрағасының орынбасары Айжан Медеуова бүгін банк жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында өз еркімен қызметінен босату туралы өтінішін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған банктің баспасөз хатшысы Айбар Олжайға сілтеме жасай отырып.

«Айжан Медеуова Қоғамдық кеңестегі сөзінде өз атына айтылып жатқан қауесеттер банктің беделіне нұқсан келтіріп жатқанын ескеріп, өз еркімен қызметінен кету туралы шешімін жариялады. Оның шешімін банктің басшысы қабылдай алмайды. Себебі, Жарғы бойынша орынбасардың қызметтен кету жөніндегі ұсынысын банктің директорлар кеңесі ғана шешеді. Енді осы ұсыныс банктің директорлар кеңесінде осы айдың соңында қаралмақ», - деді Айбар Олжай.

Оның айтуынша, Айжан Медеуованың бұл ұсынысын Қоғамдық кеңес қаперіне алды, сондай-ақ кеңес мүшелері орынбасардың 13 жыл бойы банкте атқарған қызметін де атап өтті.

«Қоғамдық кеңес Айжан Медеуованың банкте 13 жыл атқарған қызметін атап өтіп, ризашылығын білдірді. Банк төрағасы орынбасарының аймақтағы желілерді қалыптастырудағы тәжірибесі өте зор, осы да ескерлді», - деді Айбар Олжай. 

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-тарда Медеуованың отбасы мүшелері, нақтырақ айтқанда, оның туған сіңлісі, бұрынғы күйеуі және өзі жеңілдікпен үш пәтер алғаны хабарланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар