Айыртау екінші Бурабайға айналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - СҚО әкімдігі Айыртау ауданының туристік әлеуетін дамытуға мүдделі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Айыртау - туристік әлеуеті жоғары аудан. Имантау мен Шалқар аймақтары Бурабайдан еш кем емес. Бірақ онда баратын жол салынбаған еді. Биыл жол құрылысына 500 миллион теңге бөлдік және қазіргі уақытта 30 шақырым жол бөлігін жөндеп жатырмыз. Келесі жылы да қаржыландыруды арттырып, туристердің көп келуі үшін жағдай жасайтын боламыз», - деді ол.

Өңір әкімінің айтуынша, Айыртауда демалыс аймағын салғысы келген кәсіпкерлерге мемлекет қол ұшын созады.

«Әзірге бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр, бірақ олар ауқымды емес. Сондықтан, туристік аймақ жобасына қаржы құя алатын кәсіпкерлерді іздейміз. Ал біз инфрақұрылым жағынан көмектесеміз. Яғни, демалыс аймағын салғысы келген кәсіпкерлерге мемлекет есебінен коммуникация, жарық, газ жабдықтары тегін тартылады. Экологиялық туризмді дамыту үшін, демалыс аймағының тазалығын да өз жауапкершілігімізге аламыз. Келушілер шатыр тігіп, табиғат аясында емін-еркін дем алады», - деп өз сөзін толықтырды әкім.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері Айыртауға 19 мың турист келген.

Соңғы жаңалықтар