Айырбастау пунктерінің рубльді саудалауға шектеу енгізіле ме – Пірматов жауабы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Мәжіліс депутаттарының айырбастау пунктерінің Ресей рублін сатып алуына және сатуына шектеулер енгізуге қатысты ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мұндай шектеулерді енгізу валюталық заңнама аясында «арнайы валюталық режимді» енгізу арқылы мүмкін болады. Алайда, мұндай шектеулер мен мұндай режим тәуеліз резервтердің «сарқылуы», елдің төлем балансының нашарлауы, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық үшін елеулі тәуекел болған жағдайда ғана енгізілуі тиіс. Бүгінгі күні төлем балансының айтарлықтай нашарлауының байқалмайтынын ескере отырып, Ұлттық банк өз мандаты аясында елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын және резервтердің сақталуын қамтамасыз етеді. Демек, айырбастау пунктерінің шетел валютасын сатып алуына және сатуына шектеу енгізу орынсыз болып табылады және қарастырылмайды», - деді Ұлттық банк төрағасы жауабында.

Бұған қоса, оның атап өтуінше, мұндай іс-шараларды енгізу инвестициялық ахуалға айтарлықтай зиянын тигізеді. Ал бұл жайт елдің инвестициялық тартымдылығына теріс әсер етуі мүмкін.

«Рубльдің нығаюы РФ өнімі импортының тартымдылығын төмендетеді және сонымен бірге отандық өндірістің дамуын ынталандырады. Нәтижесінде, Қазақстанның заңды және жеке тұлғалары жаңа жағдайларға, оның ішінде басқа өңірлерден импорттың баламалы көздерін іздеу есебінен бейімделеді. Қазақстан нарығы жағдайлардың өзгеруіне байланысты дербес бейімделуге және сұранысты, ұсынысты және жеткізу арналарын түзетуге тиіс деп ойлаймыз», - деді Ғалымжан Пірматов.

Соңғы жаңалықтар