Айыппұлдар мен өсімпұлдар қалай кешіріледі – Ерболат Досаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару механизмі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы Жарлықты іске асыру үшін Ұлттық банк кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару механизмін бекітті. Биыл 30 шілдеге дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті кешіреді. Бұл ретте өсімпұлдар мен айыппұлдардың 70 пайызын қаржы мекемелердің өздері өтейді, 30 пайызын өтеу үшін Ұлттық банк қаражат бөледі. Ол үшін 17 млрд теңге бөлінеді», - деді Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, 3 шілдеде шыққан заң тұтынушылық кредиттеудің барлық субъектілерін, оның ішінде онлайн-кредиторлар, ломбардтар және халыққа несие беретін басқа да заңды тұлғаларды толық реттеуді қамтиды.

«Субъектілер 2020 жылғы 1 шілдеге дейін алғаш рет уәкілетті органдарда есептік тіркеуден өтуге міндетті. Тиісіенше, барлық кредит беру субъектілері уәкілетті органдардың бақылауында болады. Субъектілер қарыздар бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері, борыштық жүктеме, клиенттермен өзара іс-қимыл тәртібі бойынша шектеулер мен басқалары сияқты қарыз алушыларды қорғаудың барлық талаптарын сақтауға міндетті болады. Бұл бізге азаматтардың борыштық жүктемесі туралы толық ақпарат алуға, нарықтың ашықтығын арттыруға және жүйелік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі қарызын өтеп береді.


Соңғы жаңалықтар