Айыппұл төлеген жастар әскери борышын өтеуден босатыла ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әскерге шақыру пунктеріне уақтылы бармай немесе тіркеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл арқалаған жастар әскерден босатыла ма? Бұл сұраққа Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ғани Артықов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер айыппұл төлеген болса немесе бұдан басқа да ҚР Қылмыстық Кодексінің талаптарына сай оларға шара қолданылған жағдайда, бұл оларды әскери қызметтен босатпайды. Керісінше олардың жауапкершілігін арттыра түседі. Халық арасында «әскерге бармай, қашып жүр» деген сөз көп болғанымен, біз бұл мәселені дұрыс түсінуіміз керек. Қазір жастар әскер құрамында 1 жыл ғана қызмет атқарады. Сол уақытта әскери өнерді, білімді, ғылымды үйреніп, өз бойларына сіңіріп, шамалары келгенше қамтуы тиіс», - деп жауап берді Ғани Артықов тілші сауалына орай.

Министрлік өкілінің дерегінше, әскерге бармай жүргендердің көбі – денсаулық жағдайы бойынша жарамсыздар. Сондықтан, ведомство мұндай санатқа кіретін әскерге шақырылушыларды іздеп жүрген жоқ.

«Біз 17 жастан бастап оларды әскерге шақыру комиссиясынан өткізіп, денсаулық жағдайы қаншалықты екенін алдын ала анықтап қоямыз. Кейінгі әскерге шақырту кездерінде сол қаншалықты өзгерді, соны ғана тексеріп отырамыз. Сондықтан, бізде «әскерге баратын жастардың саны жетпейді және олар жаппай қашып жүр екен» деген теріс ұғым туындамауы тиіс», - деді Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі.

Мұнымен қоса, Ғани Артықовтың мәлімдеуінше, бүгінге дейін әскерден жалтарған жастардың бірде-біріне ірі көлемде айыппұл салынбаған. Тек әскерге шақыру кезінде пунктіге уақтылы бармағандар немесе әскери тіркеу ережесін бұзғандар ғана аз көлемде айыппұл арқалапты.



Соңғы жаңалықтар