Айтыскерлер Жаңа жыл мерекесінде карантин талаптарын сақтауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Айтыскер ақындар қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесі күндері карантин талаптарын қатаң сақтауға үндеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аманжол Әлтай, айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы:

- Өтіп бара жатқан жыл қазақ халқы үшін оңай болған жоқ. Қаншама асыл азаматтарымыздан айырды. Осындай оқиғалардың әлі ел есінде екені ақиқат. Сондықтан құрметті қазақстандықтар, Жаңа жылды атап өткен кезде тәртіпке икемделуге шақырамын. Тәртіп бар жерде болашағымыздың жақсы болатыны анық. Үлкен корпоративтік кештер, көпшілік бас қосатын жиындардан бас тарта тұрғанымыз жөн. Өйткені күн сайын етек алып бара жатқан індет біздің көсіле, есіле жүргенімізге қарамайды.

Келер жыл ауыртпашылықтан арылып, үлкен қуанышқа бөленетін жыл болсын! Барша Қазақстан халқын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жыл жарылқап, ескі жыл есіркесін.

Серікзат Дүйсенғазин, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты:

- Жаңа жыл - отбасылық мереке. Бірақ бізде достар, туыстар және әріптестер болып корпоратив ұйымдастыру әдетке айналған. Бүгінгі жағдайда осындай шаралар жасау біріншіден, өзімізге екіншіден, жақындарымыздың денсаулығы үшін қауіпті. Мейрамды жабық ғимараттардың ішінде тойлау арқылы жағдайды ушықтырып алуымыз ғажап емес. Адам - вирус тасушы. Инфекция кез-келген азаматтың бойында болуы мүмкін. Тек кейбір адамдарда ол симптомсыз өтіп жатады. Егер бейқамдыққа салынатын болсақ, жаз мезгіліндегі қиын жағдай қайталанып кетуі мүмкін. Сондықтан барша азаматтарды карантин талаптарын сақтауға шақырамын. Мүмкіндік болса, таза ауда серуендеп, спортпен айналысқан дұрыс деп ойлаймын.

2020 жылдың басында әлемді пандемия жайлады. Барлығымыз онлайн жұмыс істеуге икемделдік. Бұл процестердің барлығы кімге болса да оңай тиген жоқ. Сондықтан індеттен құтылып, бұрыңғы мамыражай өмірге оралатын күнге жазсын. Ел-жұртымыз аман, береке-бірлігіміз бекем болсын!

Дидар Қамиев, айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Барлығымыз Жаңа жылды атап өткіміз келеді. Дегенмен сақтық шараларын естен шығармауымыз керек. Жаңа жыл - көп күнәнің жасалатын түні. Сондықтан карантин талаптарын негізге алсақ, бір жағынан күнә жасаудан да сақтанасыз. Жаңа жылға деніміздің сау болып барғаны дұрыс шығар. Тойлайтын болсаңыздар, тек отбасылық деңгейде бас қосып, үй араламай атап өтуге шақырамын.

Жаңа жылда баршаңызға жақсылық тілеймін. Карантиннің аясы тарылып, бұрыңғы жайма шуақ күнімізге қайта оралайық.

Жандарбек Бұлғақов, айтыскер ақын:

- Індет тек қазақ халқын ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Сондықтан жақындарымыздың денсаулығына жанашырлықпен қарап, Жаңа жыл мерекесін отбасы деңгейінде атап өтуге шақырамын. Инфекцияның салдарынан ғылым, білім, өнер, спорт саласындағы мүйізі қарағайдай азаматтарымыздан көз жазып қалдық. Биылғы жыл жанымыздағы жақын адамдарымыздың қадірін түсіндіретіндей сабақ берді деп ойлаймын. Мүмкіндігімізше ақ халатты абзал жандардың шырылдап айтып жатқан кеңесіне құлақ асайық. Аты жаман аурудың беті қайтса, мәре-сәре қауышатын күн алда деп ойлаймын.

Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын, Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Жаңа жыл – қазақ халқына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мереке. Өйткені бұл мейрам қарсаңында жас шыршаларға зиян келтіріп, оларды отаймыз. Сондай-ақ пиротехникаларды қолданып, от-шашу ұйымдастыру салдарынан қаншама жастар зардап шегіп жатады. Статистика бойынша, Жаңа жыл мерекесінде жарақат алып, ауруханаға түсетін науқастардың саны көп болады. Егер аталған мерекені тойлаймын деген азаматтар болса, онда оны отбасы көлемінде атап өтсе дұрыс деп ойлаймын. Биыл қонаққа барып, алаулатып, жалаулатып той тойлайтын жағдай жоқ. Сондықтан дәрігерлер кеңесіне назар қойып, карантин талаптарын сақтайық!



Соңғы жаңалықтар