Айтуған Мұқашев: Саумал мен қымызды індет ушыққанда ғана іздемей бүгіннен бастап ішу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпараттың бүгінгі қонағы – жылқы шаруашылығын ғылыми негізде зерттеген кәсіпкер-ғалым, экономика ғылымының кандидаты, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айтуған Мұқашев. «Болашақ» бағдарламасымен Германияда оқып келіп, кәсібінде неміс менеджментін жолға қойған кәсіпкердің айтары мол екен.

Біздің банктер ғылымға ақша салмайды

- Айтуған мырза, сұхбатымызды сіз жетекшілік етіп отырған институттан бастасақ. Қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институты! Аты қандай керемет! Біздің білуімізше институттың іргесі 2014 жылы қаланған. Осы 6-7 жылдың ішінде институт өзінің алдында тұрған қандай мақсат-межені бағындырды?

- Ғылыми-зерттеу институты десе, әдетте көз алдымызға бірнеше қабаттан тұратын ғимарат, зертханасы бар, ішіндегі кісілерінің көзәйнек киіп алып, бірнәрсені түтіндетіп жүргені елестейді. Шындығында, Батыста, дамыған мемлекеттерде ғылыми-зерттеу институты деген, бұл – менеджерлік кеңсе. Олар қоғамға қажетті бір жаңалықтар бойынша ғылымға тапсырыс береді. Соны ғалымдар зерттеп, менеджерлік кеңсе оны өндіріске жолдайды. Осы арқылы халықтың тұтынуына жібереді. Яғни біздің ғылыми-зерттеу институтымыздың негізгі жұмысы – аты айтып тұрғандай қымызға қатысты дүниелерді институттарға беріп, зерттетіп, белгілі бір өнімдерді шығарып, оны өндіріске беріп, халыққа тарату.

2001-2007 жылдары Германияда «Болашақ» бағдарламасымен оқыдым. Мамандығым экономист болғаннан кейін жылқы шаруашылығын көп зерттедім. Сондағы көзім жеткен мәселе – жылқының сүтіне, етіне, терісіне, қылына, бір сөзбен айтқанда жылқының бәріне қатысты дүниелер зерттеліп тасталған екен. Бірақ өндірісте жоқтың қасы. Оған әртүрлі себеп бар. Мысалы Германияда біздегі секілді жылқы шаруашылығы қатты дамымаған. Соған байланысты өндіріске айналмаған. Ал совет үкіметі кезінде біздің Қазақстанда жылқы көп болғанымен, әлгіндей шаруалар басталып, аяқсыз қалған екен. Мәселен, жылқы шаруашылығы өнімдерінің денсаулыққа пайдасы өткен ғасырдың 50-80 жылдарының арасында ғылыми тұрғыда зерттеліп, қандай да бір аурудың барлығына ем болатыны кеңінен зерделенген. Оның бәрін архивті ақтара отырып көрдік.

Әйтсе де өнімдерді таза күйінде алыс жерлерге тасымалдау мәселесі бар. Мысалы ауылда қымыз өндірілгенімен, ол қалаға сондай күйінде жете бермейді. Себебі, тасымалдау кезінде құрамы өзгереді. Осы мәселелердің бәрін де ғылыми жүйеге келтірдік. Қымызды сол қалпында халыққа жеткізу тұрғысында негізгі бірінші жұмысымыз – 1999 жылы бір жылға сақталатын қымызды өндіріске енгізуден басталған. Германияға барғанда технологияның қалай дамып кеткенін көріп, биенің сүтін кептіріп, одан белгілі бір өнімдерді жасауға болатынына көзіміз жетті. Сөйтіп, 2014 жылы немістермен бірігіп, институтты аштық.

Жылқы шаруашылығының өнімдерін тұтынуға Германиядағы қоғам дайын емес. Ал Қазақстанда немесе туысқан түркі тектес мемлекеттердің біразына қымызды жарнамалаудың қажеті жоқ. Осыған байланысты екі мемлекет «қалай осыны іске асырамыз?» деген кезде бірінші ғылыми жұмыстар негізделіп жазылу керек деген тоқтамға келдік. Содан бері 6-7 жылға жуық уақыт өтті. Сол аралықта біз бие сүтінен косметикалық бұйымдарды, сабынды шығардық, қымызды бір жылға сақтау немесе саумалды сауып алған бетте қаптап, бір жылға дейін бүлдірместен қалпында сақтау, ұзақ мерзімге сақтау үшін кептіру технологиясын игердік.

Біздің ұсынысымыз бойынша бие сүтінен косметика бұйымдары Кореядан шықты. Себебі, ол елде косметика жасау өндірісі өте дамып кеткен. Солардың ғалымдарымен бірлесе отырып, косметика жасалды. Біздің нарықта бар. Бұл – өте бағалы майлардан жасалған әрі сапасы жоғары болғандықтан, бағасы да екінің бірінің қолы жете бермейтін шекте. Дегенмен менің ойымша, жылқыдан жасалған сапалы бұйымдардың қай-қайсысы да арзан болмауы керек. Өйткені біз басқа елдің қаңсығын таңсық қып, көп ақшаға шетелдің косметикасын алып жатырмыз ғой. Оның қасында салыстырмалы түрде алсақ та негізінен біздің өнімнің бағасы қымбат емес.

Пандемия бізді ғылымның жаңа түріне өтуге мәжбүрледі. Ол – қымызды да, сүтті де кептіріп, халыққа ыңғайлы түрде жеткізу. Мысалы біз сүтті кептіруін кептіргенімізбен, ол тірі организм болғасын бір жерге көп сақтауға келмейді. Ал сол өнімді ыдысқа ұнтақ күйінде салып қойсаңыз, оны бір-екі рет пайдаланғаннан кейін жарық түсуіне немесе температураның өзгеруіне байланысты құрғақ нәрсе реакцияға түсіп кетеді. Сол үшін біз бұларды жеке-жеке капсулаларға салдық. Қарапайым адам үш мезгіл (таңертең, түсте, кешке) бір-бір капсуладан тұтынатын болса, ол мөлшер – адамның күндік нормасына жеткілікті. Сонда өзіміздің ағзамызға қажетті витаминдерді толық ала аламыз. Өткенде біреу менен «мына бір капсула неше литр?» деп сұрап жатыр. Денсаулыққа әсері жағынан бір құтының ішіндегі 90 капсуланың өзі – бізге 18 литр қымыздың әсерін береді екен. Мысалы сіз бір айда 18 литр қымызды іше алмайсыз ғой? Ал бірақ бұл капсуланы өзіңізбен бірге алып жүрсеңіз, жетіп жатыр. Қарапайым өзіміздің халыққа айтып, түсіндіре кететін нәрсе: біз көбінесе анда-санда қонаққа барғанда қымызды литрлеп ішіп аламыз. Негізінен қымызды литрлеп ішсек, ол жай ғана сусын болып қалады. Шөлімізді қандырып, рахат сезіміне бөлейді, бәлкім. Ал егер біз оны тұрақты түрде, таңертең, түсте және кешке ішер болсақ, ол дәрі болады. Сондықтан мұның дәрілік қасиеті жайында алда әңгімелерімізді айта жатармыз.

Институттың 7 жылда атқарған шаруасын қорытсам: қымызды капсулаға салып, Кореямен бірігіп косметикасын шығардық, малайзиялықтармен бірігіп сабынды жасадық. Енді швейцарлықтармен бірігіп, шампунь, жуынуға арналған өнімдерді шығарайық деп отырмыз. Озық технологияларды пайдалану арқылы ертең сол елдің де нарығына шығуға болады.

- Бие сүтінен косметика немесе сабын шығару үшін шет елдерге жүгініп жатқаныңызға қарағанда біздің елде бұл кәсіпті жолға қоя алатын технологияның да, мамандардың да жоқ болғаны ма?

- Бізде мемлекеттің қолдауы негізінен ғылыми жобаларға емес, көбінесе экономикалық пайда түсіретін жаққа ауып кеткен. Мысалы банктердің бәрі де ғылыми жұмысқа ұзақ мерзімді қаржы салмайды. Ал ғылым деген нәрсе ол – ұзақ мерзімді қаржыны талап етеді. Бірақ атқарылуы тез іс. Мысалы мен банкке барып, қымыз жасайтын кәсіпорын салам десем, мені қаржыландыруы мүмкін. Себебі, мен ауылдан қымызды 300 теңгеден алып, қалаға апарып, 800 теңгеге сатсам, соның арасындағы пайданы көрсем, 1-2 жылдың ішінде қарызымды жауып берем деймін. Бірақ бұл әдіс өндірісті дамытпайды. Ал ғылымға біраз уақытқа қаржы салуға тура келеді. Бірақ одан алынатын өнім, сіздің 200 немесе 500 теңгемен алған қымызыңызды нарықта 15-20 мың теңге етіп қайтаруы мүмкін. Себебі, жаңа технология қосылғаннан кейін ол өзінің лайықты бағасын ала алады.

Бізде неге бизнестің көбі дамымайды, тоқтап қалады? Себебі көбі ғылымиластырылмаған. Ал шетелдік заттардың, тауарлардың тарихы бар. Ең азы 10 жыл, алды 200-300 жылға жеткен. Яғни ол тауарлар бренд болып қалыптасады да, оған ғылыми-зерттеу институттары жылда жаңалығын қосып отырады. Бәрін жинап алып, бір-ақ жылда шығарып жіберу мүмкін емес. Мысалы Кореямен 2-3 жылдай келіссөз жүргіздік. Мамандарды апардық, бие сүтін косметикаға қосуға болатынын дәлелдедік. Одан кейін олардың көздері жеткенше тексерді, зерттеді, сақтады, жолға қойды, зияны жоқ дегеннен кейін барып қана өндіріске кіргізді. Сонда айтпағым: ғылыми институттың негізгі жұмысы – ғылыми адамдармен бірігіп, жұмыс жүргізу. Мысалы косметиканың бес түрін шығаруға 45 адам жұмыс істеді. Ал Қазақстаннан осы косметиканы жасайтын 45 адамды табасыз ба? Жоқ. Өйткені бізде ондай мамандар жоқ. Оның институты қалыптаспаған. Бұл өнімдер Кореяның ең мықты деген косметикасының негізін алып, оған бие сүтін қосу арқылы жасалғаннан кейін бұл қазір – нарықтағы ең мықты кометикалардың бірі болып тұр. Себебі бие сүті оны күшейтті.

Кәсіп пен ғылым қатар жүрмесе, табыс тұрақты болмайды


- Шетелдіктер, әсіресе ғылыми қауымдастық арасында бие сүтінің пайдасына қатысты қандай көзқарас қалыптасқан?

- Кореяның ғалымдары бие сүтіне таңғалды. Неге десеңіз, олар косметика негізінің құрамына 32 түрлі зат қосады екен. Біз соған қатысты натуралды өнім ұсынғаннан кейін осы косметикалардың құрамына сол заттардың 18 түрін ғана қалдырдық. Бір кереметі, бие сүтінде осы витаминдердің бәрі де толық бар. Сондықтан біз өзімізге керекті майларды ғана алдық та, қалғанына ұнтақ күйінде бие сүтін қостық. Ал бұл өнім шыққаннан кейін де тексеруден өтеді ғой. Тексеруден өткеннен соң кореялықтардың бұл өнімдерге деген сұранысы өте жоғары болды. Кореялықтар мәселен, бес жыл алоэмен жұмыс жүргізеді, ол өнімдер ескірді ме, онда ұлудың керемет денсаулыққа пайдалы екенін айтады да, бес жылдай ұлуға қатысты косметикаларды шығарады. Сол арқылы үлкен зауыттарды жүргізу үшін жылда жаңалық керек. Міне, сол себепті бие сүтінен жасалған косметика деген кореялықтар үшін үлкен жаңалық болды. Басында мұның бие сүті екенін олар сенген жоқ. Себебі олар «біз осыған дейін сүт өнімдерінен косметика жасағанбыз, одан мүмкін емес екеніне көз жеткізгенбіз» дейді. Болашақта трендте, модада – бие сүті косметикасы болуы әбден мүмкін. Ол үшін бізге көбірек бие керек, бие сүті көбірек кептірілуге тиіс. Себебі, биенің сүтін сүттей апарып, косметикаға қоса алмаймыз. Оны кептіру керек. Бұлардың бәрі де бірнеше жылға созылатын ғылыми жұмыстар.

Әдетте біз Корея дегенде шығаратын көлігімен, ІТ-мен байып отыр деп ойлаймыз ғой, бірақ олардың жалпы кірісінің ішінде косметика саласының үлесі өте жоғары екен. 2018 жылғы дерек бойынша, Кореяның кірісінің 37 пайызы косметика сатудан кірген. Ал біз болсақ үлкен өндіріске күш саламыз. Мұнай өндіреміз. Бұл өте ауқымды әрі өзіндік құны өте жоғары өндірістер. Сол тұрғыдан алғанда қазақтар да биенің сүтінің өзінен ғана косметика жасап, кәдімгідей Қазақстанға кіріс кіргізуге болады деп ойлаймын. Денсаулыққа пайдалы екеніне көзі жетсе, адамдар өнімнің бағасына қарамайды. Біз Қазақстанның ішкі нарығына ғана емес, сыртқы нарыққа да шығаруға мүмкіндігіміз бар.

- Кореямен, Малайзиямен екіжақты жұмыс жүргізіп жатырсыздар ғой. Сонда жұмыс тәртібі, реті қалай? Сіздер оларға бие сүтін ұнтақ, яғни шикізат күйінде жеткізесіздер ме?

- Мысалы біз оларға өзіміздің өнімімізді, құрамында осындай заттар бар деп көрсетеміз. Кореялықтар бізге алдымен шампунь немесе сабын жасайық деді. Мен оларға «жоқ, мен Кореяға косметика жасау үшін ғана келдім» деп өз позициямда тұрып алдым. Қазір мен кореялық әріптестеріммен күнделікті байланыста отырмын. Алдағы уақытта бие сүтінен бірігіп, солардың ұсыныстарымен өнімдердің тағы да басқа түрлерін жасаймыз. Біз шикізатын жібереміз – олар қосып көреді. Осы косметикаларды әзірге тек Кореяда шығарып отырмыз. Болашақта Қазақстанда шығару мүмкіндігі бар. Бізге ол өнімдерді алып келе салу мәселе емес. Бізде оны жүргізетін мамандар жоқ.

- Екіншіден нарықты бағындыру керек дейсіз ғой...

- Иә, одан кейін нарық керек. Қазақстанда жасалды деп басқа мемлекеттерге шығаруға болады. Одан да қорқыныш жоқ. Ең үлкен мәселе техника немесе қаражатта емес – мамандарда. Біздің жоғары оқу орындарында осыған қатысты мамандарды оқытпайды. Ал Малайзияда сабынның майларын алып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол косметикадан гөрі оңайырақ. Капсула Қазақстанда жасалады. Осы сияқты мамандарды дайындағаннан кейін өндірісті кеңейте беру мүмкіндігі бар.

- Бір сұхбатыңызда заман өзгерген сайын мамандықтар да өзгеру керек деген екенсіз. Расында да, әлемде қазір технология күн санап өзгеріп, дамып, сан алуан мамандық пайда бола бастады. Сіз де бие сүтін тың технологиялармен халыққа ұсынып отырсыз ғой. Әлбетте бұл шаруа салалық мамандарды қажет етері даусыз. Керекті кадр тапшылығын қалай шештіңіздер?

- Әлем бойынша қазақтар қай жерде тұрса, сол жердің бәрінде болдым. Көзімнің жеткені: бізде қымыз жасау мәдениеті жоғалған екен. Өйткені ата-бабамыздан, әжелерімізден осы мәдениетті толық қабылдап алып қала алмаппыз. Жоқ деп те айта алмаймын. Бір облыстың бір ауданының деңгейінде болуы мүмкін. Мысалы Қарағанды облысы десек, Жаңаарқаның қымызы дейміз, Ақмоланың төңірегінде Торғайдың немесе Қорғалжынның қымызы деген бөлекше. Ал неге Ақтөбенің немесе Қызылорданың қымызы жоқ. Сол жердегі адамдар дәл қазір осы кәсіппен айналысқан кезде осы қымыз жасаудың мәдениеті қалыптасады. Сол мәдениеті қалыптасқаннан барып мамандар шығады.

Бие сүтінен түрлі өнім шығаратындай бізде мамандар тапшы. Мысалы химия немесе биологияны бітіргендер медицина немесе фармацевтика маманы болып шығуы мүмкін. Ал химиктерді талдасақ, олар өндіріс саласында жүруі ықтимал. Біздің жоғары оқу орындарында оларды дайындамайда да. Себебі оған сұраныс жоқ. Кореядағы зауытта косметикаға байланысты біздің екі қыз бала жұмыс істеп жатыр. Біз енді олардың қатарынан беске дейін жеткізбекпіз. Себебі сол жақта жұмыс істеп жүрген мамандардың дағдысын осында әкеліп қана зауыт аша аламыз. Ал оны дайындап әкелмей, зауыт ашып қойсақ, ертең маман таба алмай қаламыз.

- Дайын косметика, дайын капсула тұр. Шетелде өтімділігі қалай екен? Оны сараптап, талдап отырсыздар ма? Екіншіден, капсулалар отандық өнімдер ғой. Басқа елдерге экспортқа шығарып жатырсыздар ма?

- Қазіргі біздің өнімдерді шығару көлемі аз. Біз де қазір бір ғана аспапхана бар. Ол күніне 100-ақ литр сүтті кептіреді. 100 литр сүттен 10-ақ келі ұнтақ шығады. Одан енді мынаны есептесек, біздің өндірісіміз 6 немесе 7 мың тал қымыз немесе саумал шығарады. Өйткені өндірісіміз кішкентай. Ал өндірістің аспабы өте қымбат тұрады. Сабынның да, саумалдың да сұранысы өте жоғары. Шынын айтқанда біз Қазақстанның бір ғана қаласын қамтамасыз ететін жағдайдамыз. Дегенмен сұраныс басқа қалалардан да түсе бастады. Ал ғылыми-зерттеу институты өнімдерді шығарумен айналысқаны болмаса, өзі сатпайды. Тағы да бұл жерде неміс менеджментін қолданамыз. Ол қалай? Жылқы ұстайтын фермерлермен келісім жасаймыз. Олар біздің талабымыз бойынша биелерді сауады. Шикізат әкеледі. Ол шикізатты тексеріп, кептіреміз. Ақысы төленіп, биенің сүті кептірілгеннен кейін оны капсула ретінде шығартамыз. Біз менеджерлік қызмет атқарамыз, себебі өз алдымызға жеке-жеке институт қоятындай жағдайға үлкен қаражат керек.

Жалпы айтар болсам, бизнес жасаймыз дегендегі қателігіміз – осындай қарапайым қағидаларды түсіне бермейтіндігімізде. Косметика немесе сабын жасайтын зауыт салу – бүгінгі таңда Қазақстанның нарығына келмейтін нәрсе. Ал бірақ Қазақстандағы сабын шығаратын зауытпен келіссек, ол маған қатысты өнімді бір-ақ күнде шығарып бере салады. Сол кезде барып, өнім шығаратын кәсіпорынның өзі – болашақта зерттеу институтына айналады. Яғни сабын жасайтын зауытқа біреу келіп «маған биенің сүтінен немесе түйенің сүтінен жасалатын сабын керек» десе, ертеңгісі екіншісі келіп «маған жалбыздан жасалған сабын керек» деуі мүмкін. Яғни осы сұранысқа қарай сабын зауыты тоқтамай жұмысын жасай береді. Ал бізде өкінішке қарай сабын зауыттары 2-3 күн сабын жасап, оны бір ай бойы сатып, қалған уақытта өндіріссіз тоқтап тұрады. Бұл жерде қаржы қайту мәселесінде қиындық туындайды. Сондықтан көп өндіріс ұзаққа бармайды. Ал мен айтып отырған Кореяның «KOSMAKS» деген корпорациясына жүгіндік. Ол бізге бес түрлі косметиканы бір-ақ күнде істеді. Оларда бес түрлі цех бар. Олар күніне француздардың да, италялықтардың да, немістердің де қаншама тапсырысын орындайды. Француз косметикасын көрсек, оны міндетті түрде Франциядан келген деп ойлаймыз. Олай емес. Олардың бәрі де Кореяның ғылыми-зерттеу институтынан жасалып, шығарылып жатыр. Тек атақты компаниялар тапсырыс берушілер. Сол сияқты Қазақстанның да бизнесін осындай модельде жүргізу керек. Менеджерлік кеңсенің жұмысы осындай.

- Шикізат табу жағынан сізде проблема жоқ қой?

- Жоқ.

Ананың сүтіне қуаты жағынан тек биенің сүті теңеседі


- Қымыз бен саумалдың пайдасын айтайықшы. Пандемия кезінде саумалға деген сұраныс сұрапыл болды. Осы сұранысты жылқы шаруашылығындағы азаматтар болып өтей алды ма?

- Жалпы біз ауырған кезде ғана ем іздейтін халықпыз. Аурудың алдын алмаймыз. Шынында да, бие сүті – ем. Соған кеңірек тоқтала кетейін, өйткені көп адамда ондай ақпарат жоқ. Жалпы биенің сүті, саумалдың ем екенін, қалай және қай кезде ішу керек, несімен ем деген нәрсені ешкім ашып айтып берген жоқ. Қазақстанда өткен ғасырдың 50-80-ші жылдары бие сүтін зерттеген ғалымдардың көбі басқа ұлттан болған. Сол жылдары олардың жасы орта есеппен елуде болса, қазір олар бұл өмірде жоқ деген сөз. Яғни бізде ғылым үзілді. Абай деген ғалым ағамыз ғана бие сүтінің, саумалдың бауыр церрозын емдейтінін дәлелдеп, патент алды. Бие сүтінің құрамында адам ағзасына күнделікті қажетті витаминдердің түгелі бар. Неге оның құрамындағы витаминдер түйе немесе сиырдың сүтінің құрамында жоқ? Сүттер екіге бөлінеді: бірі альбумин тобына, екіншісі казеин тобына жатады. Альбумин тобына ананың сүті мен биенің сүті, ал козеин тобына қалған сүттер жатады. Сондықтан бала туған күннен бастап биенің сүтін беруге болады. Қалған сүттерді бір немесе екі айдан кейін ағза жетілгендіктен кейін ғана береді. Бие сүті иммун жүйесін тез көтереді. Иммундық жүйені не нәрсе көтереді десек, С витамині мен D витамині. Осы ананың сүтінде де бар десек те, осы витаминдер биенің сүтінде өте жоғары мөлшерде. Әлсіз туған балаға да басқа ешқандай тамақ бермей, ананың сүтін ғана емізеді. Сонда баланың иммунитеті күнделікті жетіліп отырады. Ал жылқының сүтінде иммунитетті одан ары күшейтетін витамин құрамдары бар.

Ағзамызға күнделікті виаминдердің жетіспеушілігі салдарынан біз әртүрлі ауруға шалдығып жатырмыз. Осы аурулардың алдын алатын не нәрсе деген кезде, ағзамызды толық витаминмен қамтамасыз етуге келіп тоқталамыз. Яғни ананың сүтін банан да, апельсин де ауыстырмайды. Ананың сүтіне қуаты жағынан не бар дегенде биенің сүті. Яғни біздің ағзамызға бір нәрсе жетпесе, бие сүтін ішер болсақ, ағзамыздағы иммунитетті көтеру арқылы ауруды шығарады.

Міне, сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Қазір біздің өзімізде де қымызды жатырқау мәселесі пайда болып жатыр. Қымыз ішсем ішім өтеді, басым ауырады немесе қысымым көтеріледі дейді. Бұл деген біздің ағзаның өзі керекті нәрсені ұмыта бастады деген сөз. Сонда осы ағзамыз қымызды ұмытпас үшін оны күнделікті тамағымызбен бірге ішуіміз керек.

Бізде мыңдаған жылқы болғанымен, соның жүзі ғана сауылуы мүмкін. Астанада миллионға таяу халық болса, оны саумалмен қамтамасыз ете алатын жылқы болды ма? Жоқ. Яғни сұранысты жылқышылар өтей алған жоқ. Ал енді құдай бетін ары қылсын, ауруымыз бізден алыстап, қайтып келмейтіндей көрініп кетті. Ауырдық деген күндері халық таң атпай кезекке тұрып, саумал ішті де, ауру өткеннен кейін ұмытып кетті. Басқа уақытта денсаулықтың керегі жоқ па? Сондықтан біз бие сүтін бүгіннен бастап ішуіміз керек. Сол арқылы шаруашылықтардың дамуына мүмкіндік жасай аламыз.



Соңғы жаңалықтар