Айтарлықтай мөлшерде пара бергені үшін бас бостандығынан айыру мерзімі ұзартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса, қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғары шегі 7 жылға дейін ұзартылды. Бұл туралы «Antikor ortalygy» алаңында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл соңында ҚР ДСМ бұрынғы вице-министріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралды. Сонымен қатар бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша «Горький атындағы орыс театры» РМК, Астана аймақтық электр желілік компаниясы, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті, «Сергек», «Астана халықаралық әуежайы» АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты көп эпизодты істер аяқталды, сондай-ақ Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісін кінәсіз адамды қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту фактісі бойынша және басқа да бірқатар істер», - деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы.

Оның айтуынша, Сотқа жіберілген және ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылған қылмыстық істер бойынша тиісті ұйымдарға ҚР ҚІЖК 200-бабы тәртібінде 100% ұсыныс енгізу қамтамасыз етілді.

«Олар бойынша 47 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 23 басшы. Өткен жылдың 1 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында пара берушілер мен делдалдардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Бұл тәсіл халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келетінін атап өткен жөн. Лауазымды адамдарды параға сатып алумен әдейі айналысатын, не заңсыз сыйақы беру кезінде делдал болған адамдар, елеулі қылмыстық жауаптылықта болуға тиіс», - дейді ол.

Шыңғыс Қабдула бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалғанын айтты.

«Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Мысалы, егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса, тиісінше бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылды. Ал қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғары шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұл автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа – яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі көзделген», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар