Айшолпанды халықаралық жарыстарда қаржылай қолдауға дайынбыз - министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Моңғолияда тұратын бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осыдан бір жыл бұрын жария етілгенде барша Қазақстан халқы қуанған болатын. Өйткені, осы уақытқа дейін сақталған ата-дәстүрімізді, қасиеттерімізді насихаттауға, қазіргі жеткен жетістіктерімізді дүниежүзіне паш етуге мүмкіндік берді. Осы ретте көнеден келе жатқан саятшылық өнерімізді бүкіл әлемге танытып, барлығын таң қалдырып жүрген Айшолпанға алғысымызды білдіреміз», - деді министр.

Сонымен қатар Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде ұлттық спортты дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Осыдан екі жыл бұрын ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығын аштық. Өткен жылы ЭКСПО аясында көкпардан дүниежүзілік чемпионат өтіп, оған Америкадан, Венгриядан, жалпы көптеген елдерден көкпаршылар қатысып, барынша қызықты болды. Біз еліміздің ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін көптеген шара өткізіп тұрамыз. Соған қатысқаныңды қалаймыз. Облыстарға шығуға да көмек береміз. Халықаралық жарыстарға қатысамын десең, жол қаражаты сынды шығындарыңды өтеуге дайынбыз», - деді министр Айшолпанға қарата.

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Нұрсұлтан Ибрагимов Айшолпанның бір аңшылық маусымда 14 түлкі мен 2 қасқыр алғанын атап өтті.

«Бұл үлкен жетістік. Осындай тәжірибені біздің аға жаттықтырушыларымызға, жалпы құсбегілікті серік еткен спортшыларға үлгі ретінде үйретіп, шеберлік сабақтарын өткізсе деген ұсынысымыз бар. Қуана қарсы аламыз. Қараша айында бүркітшілердің халықаралық жарысы Қазақстан жерінде өтеді. Оған Моңғолия жерінен 10-нан астам бүркітші қатысады деген жоспар бар», - деді ол.

Ал Айшолпан пен анасы Алмагүл Көксеген арнайы қабылдап, қонақжайлық танытқан министр Арыстанбек Мұхамедиұлына ризашылығын білдірді.

Кездесуге қатысқан «Білім-Инновация» xалықаралық қоғамдық қорының президенті Дарxан Ермаxанұлының айтуынша, Айшолпан бүгінге дейін әлемнің 30-дан астам елін аралап, АҚШ-та 8 мәрте болған екен. Дегенмен, ол сұхбаттарының бірінде ата жұрты Қазақстанға баруды армандағандығын айтқан.

«Біз сол арманын орындау мақсатында Қазақстанға алып келдік. Мұнан бөлек, Айшолпан Гарвард, Оксфорд университеттерінен шақырту алған болатын. Сол үшін Spectrum xалықаралық мектебінде оқытып, тілдік деңгейін, академиялық білімін жетілдірмек ойымызда бар. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірлейміз. Ұсынысымызды ата-аналары қарастырып жатыр», - деді Дархан Ермаханұлы.

Жүздесу соңында Арыстанбек Мұхамедиұлы Айшолпанға Ipad, ал анасына камзол сыйға тартты. Айшолпан да министрге тасқа қашалып салынған сурет сыйлады.

Соңғы жаңалықтар