Айман Омарова: Коронавирус құқықтық нигилизм проблемасының бетін ашып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Адал көмек» жобасының жетекшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айман Омарова қазір халықтың құқықтық сауатын арттыру ісі өте маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен өз жұмысымда қазақ тілді ортаға көп назар аударғым келеді. Әлбетте, мен ол ортадан шеттегім келмейді. Бірақ ақпараттық алаңда орыс тілінде мәлімет, ақпарат тым көп болса, қазақ тілінде ондай мүмкіндік мол деп айта алмаймыз. Ауылдағы азаматтармен тіл табысу өте қиын. Жалпы құқықтық сауатқа қатты әсер ететін фактордың бірі – компьютерлік сауат екеніне көзім жетті. Цифрландырумен бірге халықты компьютер тілін меңгеруге үйрету керек. Кейде бұл тұрғыда жұмысымды қалай жалғастырамын деп ойлаймын. Кей азаматтармен сөйлесіп отырып, олар менен «фейсбук деген не?» деп сұраған кезде не деп жауап берерімді білмей қаламын. Амал жоқ, кешке отырып, телефонмен бәрін түсіндіруге тура келеді», - дейді Айман Омарова «Antikor LIVE» жобасында.

Адвокат қазір қоғамда коронавирус көп мәселенің бетін ашып жатыр деген пікірге қатысты ойын қосты.

«Біздің жағдайда коронавирус құқықтық нигилизм проблемасының бетін ашып берді. Адамдардың бәрі де проблема жоқ кезде бәрі өз қалпында тұра беруі керек ойлайтын секілді. Олай емес. Адамдар өз құқығын бала кезден білуі тиіс. Азаматтар өз құқығын бала кезден білсе – құқықбұзушылық аз болады, екіншіден олар басына іс түскен кезде қайда бару керектігін біледі. Ауылдағы азаматтар қайда барарын білмейді. Білмегеннен кейін проблема туындай береді. Бірнеше ай бұрын маған түннің бір уағында бір әйел қоңырау шалып «әлгі бұрынғы күйеуім алимент төлемейді, өлемін» дейді. Амал жоқ, ондайда психолог болып кетеміз», - дейді Айман Омарова.


Соңғы жаңалықтар