Айман Омарова: Адвокаттардың әлеуметтік қауіпсіздігі керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде адвокаттардың әлеуметтік қауіпсіздігі керек. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында кеңес мүшесі Айман Омарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жүсіп Баласағұн айтқандай: «Әділ сөз ащы көрінеді». Кейбір сот адвокаттарды ақиқатты айтқаны үшін қысымға алатынына куә болдым. «Барлық азаматтардың қызметтік жайы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан заң алдында тең болуы керек» деген сөз әрбір қазақстандықтың санасында сайрап тұруы тиіс. Сонда ғана заңның үстемдігі өз биігінде қалады. Соттарда прокурордың, анда-санда келетін медиаторлардың бөлмесі бар. Ал сот ішіннен шықпайтын адвокаттардың бөлмесі де жоқ», - деді ол.

Сонымен қатар ол ауылда адвокаттардың жетіспейтіндігін, барының жағдайы жоқ екендігін баса айтты.

«Адвокаттардың әлеуметтік қауіпсіздігі. Мұндағы айтпағым, әділдік жолында басын бәйгеге тігуге әзір жандар үшін қарапайым еңбекке жарамсыздық парағына қаражат қарастырылмайды. Табыс пен зейнетақы жарналарына 10 пайыз мөлшерінде қосарланған салық салынады. Қызығы сол, құқық қорғау, сот органдары үшін тегін жүзеге асырылатын заң көмегі ақпараттық жүйесіне адвокаттар айына 6 мың теңгенің үстінде қаражат жұмсауы керек. Неге олай?», - деді Айман Омарова.

Танымал адвокат халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

«Заң адам пайдасына жазылады. Адам заң үшін тумайды». Қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның осынау өрелі ойы жылдар жылжыған сайын құндылығын арттырып келеді. Расында әділ заң қоғам дамуының іргетасы. Мұндағы басты мәселе қараша халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру болып тұр. Осы мақсатта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен бірлесіп, «Адал көмек» жобасына жетекшілік етудемін. Осы жылдың ақпан айында басталған жоба аз уақытта көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұл тұрғыда азаматтық қоғам мемлекеттік органдарға көмек беруге әзір. Оған «Адал көмек» тұғырнамасын құру арқылы көзіміз жетіп отыр. Соңғы мәлімет бойынша 2 млн 200 мыңнан астам азамат тікелей эфирді көріп, оның 26 мыңнан астамы жоба аясында құқықтық көмекті тегін алды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, «Адал көмек» арқылы ел ішін кезіп жүріп, түрлі түйткілді мәселелермен бетпе-бет келген.

«Айрықша айтарым, еліміздегі әскери зейнеткерлер өтемақысын ала алмай жүр. Сол секілді мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың да тағдыры алаңдатарлық. Әлеуметтің әлеуетін көзбен көру нәтижесінде «Халық үні» жаңа жобасының идеясы туындады. Қазіргі уақытта жаңа жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевамен, «Алтын қыран» қорының төрағасы Исламбек Салжановпен серіктесіп жүзеге асырмақпыз», - деді Айман Омарова.


Соңғы жаңалықтар