Айлық табысы 50 мың теңгеге жетпейтіндер үлесі 50 пайыздан азайды - Ұлттық статистика бюросы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 50 мың теңгеге жетпейтін қазақстандықтардың үлесі 38,7% болып отыр. Ұлттық статистика бюросы ҚазАқапарт сауалына осындай жауап берді.

«Мемлекет басшысы жария еткен «халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды» деген ақпарат COVID-19 пандемиясының ең жоғары кезеңі ретінде белгіленген 2020 жылғы деректерге жатады. 2020 жылы жан басына шаққандағы орташа табыс 50 мың теңгеге дейін халықтың 45,5%-ында тіркелген», - деп жазады бюро мамандары.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Ұлттық статистика бюросы 12 мың үй шаруашылығының тұрмыс деңгейіне іріктемелі зерттеу жүргізіп, соның қорытындысы негізінде халықтың табысы туралы ақпарат қалыптастырған.

«Халықтың табысы бойынша деректер жан басына шағып есептеледі. Оған еңбек қызметінен түскен табыс (жалақы және кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс), әлеуметтік трансферттер және өзге де ақшалай түсімдер кіреді. Үй шаруашылығының жалпы табысының сомасы оның барлық мүшелеріне, оның ішінде балаларға, зейнеткерлерге, жұмыссыздарға және басқаларға бөлінетіндігін түсіндіреміз. «Халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы» ұғымы «жалақы» ұғымынан түбегейлі ерекшеленетініне назар аударамыз. Жалақы табыстың бір бөлігі болып табылады», - деп жазылған жауапта.

Ресми статистика бойынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атаған көрсеткіш 2021 жылы оң бағытқа өзгерген.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы орташа табыс бойынша оң динамика байқалады. Жан басына шаққандағы орташа табысы 50 мың теңгеге дейінгі халықтың үлесі халықтың 38,7%-ында тіркелген.

Жан басына шаққандағы орташа табыстың халықтың кедейлік деңгейінің көрсеткіштерін есептеуден айырмашылығы – эквиваленттік шкаласынсыз қалыптасады.

Қалалық/ауылдық жерлер мен өңірлер бойынша халықтың жан басына шаққандағы орташа табысын бөлу бойынша деректерді қалыптастыру жүргізілмейді. Өйткені, деректердің репрезентативтілігі қамтамасыз етілмейді. Сонымен қатар, мұндай деректер тек аналитикалық мақсаттар үшін құрылуы мүмкін. Бұл кем дегенде бір ай мерзімге қосымша есептеулерді қажет етеді», - деп жазылған редакция сауалына жолданған жауапта.

Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы халықтың статистикалық сауатын арттыру үшін «Data literacy» жобасын қолға алатыны хабарланды. Статистикалық сауаттылық курсын мемқызметшілерге міндеттеу ұсынылады.



Соңғы жаңалықтар