Айлық кешіккенде жұмысқа шықпау, жалақыны инфляцияға сай индекстеу: Кәсіподақ бірқатар бастама көтерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен өткен «Жаңа қоғамдық келісім: Әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестер форумында елдегі еңбек қатынасын жетілдіруге бағытталған бірнеше ұсыны айтылды. ҚазАқпарат сол ұсыныстардың ең маңызды дегендеріне шолу ұсынады.

«Жаңа қоғамдық келісім: Әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестер форумының алдында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы БАҚ өкілдеріне мұнай-газ саласындағы еңбек дауы туралы мәлімет берді.

2022 жылы Кәсіподақтар федерациясына 5,8 мыңнан астам арыз түскен. Арыз иелерінің жартысынан астамы еңбек құқықтарының бұзылуына байланысты шағым түсірген.

Сатыбалды Дәулеталин бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады.

Жұмысшылардың көбі өз құқығын білмегендіктен заңсыздықтар елеусіз қалып жатқан көрінеді.

Сондай-ақ, елдегі еңбек дауларының көбі мұнай саласында тіркелетінін айтты.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ұсынған статистикаға қарап, әсіресе Маңғыстау өңірінде еңбек дауларын жүйелі сипатта шешу тетігі жұмыс істемейтінін көруге болады.

«Былтыр елімізде 85 еңбек дауы болды. Оның көбі мұнай саласында, соның ішінде Маңғыстау облысында болды. Ол жердегі көтерілген мәселелер: еңбекақы мәселесі, қолайсыз еңбек жағдайының туындауы және жұмыс берушілердің еңбекккерлер құқығын бұзуы. Сол 85 даудың төңірегінде қарасақ, оларға мыңдаған адам қатысты деп айтуға болады», - деді ол.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуына қарағанда қолданыстағы Еңбек кодексіндегі нормалар ұжымдық ауқымдағы еңбек дауларын шешуге қолайсыз көрінеді.

«Жаңағы 85 даудың ішінде тек 41-інде ғана кәсіподағы бар кәсіпорындар болды. Біз соған қарамастан бүкіл 85 даудың шешілуіне келіссөз жүргізуге тікелей араластық. Сол араласудың арқасында, басқа да әлеуметтік әріптестердің атсалысуының арқасында даулардың 80 пайызы еңбеккердің мүддесіне, оң шешілді деп айта аламын. Бірақ бұл жерде де көптеген мәселе бар. Шынын айту керек, болған 85 даудың, ереуілдің көбі сот жүйесі бойынша заңсыз деп танылды. Себебі қазіргі таңда еңбек дауын, әсіресе ұжымдық еңбек дауын шешу біздің Еңбек кодексінде өте қиындатылған. Сондықтан қазір біз заң жобасына өз ұсыныстарымызды бердік. Соны жеңілдету мәселесін, талап қоюға кәсіподақтың тікелей араласуына жол ашатын нормалар ұсындық», - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Қазір ол заң жобасы Мәжілістен өтіп, Сенаттың қарауына жолданған.

«Егер сол Сенат шешім қабылдаса, менің ойымша, ереуілдер біздің екінші қаруымыз болар еді. Бірақ кәсіподақтар осы болған даулардың бәрін алғанда ешқашан әлеуметтік шиеленістің басында тұрған жоқ. Біз мейлінше қандай дау болса да, заң аясында шешілуіне атсалыстық», - деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сатыбалды Дәулеталин жұмыс берушілер айлық көлемін жұмысшымен келісіп белгілеуі керек деген пайым айтып отыр.

«Біз Үкіметке де бірқатар ұсыныстар бердік. Мысалы, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы кірісті бөлудің әділетсіз жүйесін түзету қажет. Бұл қызметкерлерді іс жүзінде қаржылық тәуелділікке әкеледі. Оның салдарынан құқықтық енжарлық пайда болады. Сондықтан жалақы жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Өкінішке қарай, қазір еңбекақы төлеу жүйесін жұмыс беруші белгілейді. Біз Еңбек кодексіне еңбекақы төлеу жүйесі ең әуелі жұмысшылар өкілінің мақұлдауы арқылы белгіленуі тиіс деген бағытта өзгерістер енгізуді талап етіп, ұсынып отырмыз»,-дейді федерация басшысы.

Кәсіподақтар федерациясы жұмыс берушілерге бұдан былай жұмысшылар өндірісті басқару ісіне де еркін қатысуы керек деген талап қойып отыр.

«Бұл әлемдік тәжірибе және біз де соған ұмтылуымыз керек. Президент ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесін әзірлеу туралы біздің бастамамызды қолдады. Өйткені оның қалай қалыптасатыны осы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Енді соның әдістемесі анықталуы керек және оның қалай қалыптасатынын кез келген адам білуі керек», - деді федерация төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин форум алдында БАҚ өкілдеірне берген сұхбатында елімізде жыл сайын орта есеппен 200 адам жұмыс кезінде көз жұматынын айтты.

«Өкінішке қарай, еңбек қауіпсіздігі күн сайын өзекті болып келеді. Біз жыл сайын өндірісте 200 адамнан айырыламыз. Бұл - жарияланбаған жасырын соғыс деуге болады. Онымен күресуіміз керек. Бұл істе өтемақы төлеу моделінен тәуекелге бағдарланған модельге немесе адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін алдын-алу шараларына көшуді ұсынамыз», - деді федерация басшысы.

Бұл қаралы статистиканың көшін құрылыс саласы бастап тұр.

«Бірінші құрылыс саласында, екінші тау-кен саласында, оның ішінде көмір шығару саласында тіркеледі. Біз жұмысшылары өндіріс кезінде қайтыс болған кәсіпорындарда өзіміз сараптама жүргізгенбіз. Сонда байқағанымыз, мұндай жағдайлар көбінде кәсіподақтары жоқ жерлерде болып жатыр. Екіншіден, 70 пайызы деп айта аламын, жұмыс берушінің кінәсінен болады. Сондықтан бұл да біздің баса көңіл аударатын мәселеміз. Жалпы жұмыс беруші бүгінгі таңда осы мәселеге шынайы көңіл бөліп, ескіріп қалған құрал-сайманды өзгертіп, еңбек адамына деген құрметін көбейтпесе, жағдай өзгермейді», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Федерация сарапшылары әр салада еңбекақы коэффиценттерін белгілейтін әдістемелер мемлекеттің тікелей араласуымен әзірленуі керек деген қорытындыға келіпті.

Ұйым басшысының сөзіне қарағанда айлық кешіккен жағдайда жұмысшылардың жұмыс берушіге әсер ету тетігі жоқ.

Сол үшін еңбекақы мерзімінен кешіккен жағдайда жұмысшылардың өндіріске шықпай қоюы заңды әрекет деп танылуы керек деп отыр.

«Сонымен бірге Кәсіподақтар федерациясы еңбекақы төлеу мәселесін реттеу бағытында еңбек заңнамасында жалақыны міндетті индекстеу туралы нормаларды бекіту, жалақы мөлшерінің негізсіз диспропорциясын жою, салалар бойынша еңбекақыны арттыру коэффициенттерін белгілейтін әдістемені әзірлеуге мемлекеттің қатысуы және еңбекақы кешіккен жағдайда жұмысшылардың өндірісті тоқтата тұру құқығын белгілеу шараларын ұсынады», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Форумда елдегі әлеуметтік әріптестікті дамытудың екі негізгі бағыты аталды.

«Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті жетілдірудің екі бағытын дамытуға болады. Біріншіден, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің қызметін реттейтін жаңа стратегиялық құжат әзірлеу қажет. Екіншіден, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия қызметінің тиімділігін арттыру керек», - деді федерация басшысы.

Оның сөзінше, еңбек қатынастарын реттейтін комиссиялардың маңызын арттыру үшін Әлеуметтік серіктестік туралы заң әзірлеп, қабылдау қажет.

«Әлеуметтік серіктестіктің мазмұны еңбек адамын құрметтеу, азаматтардың еңбегін құрметтеу, еңбек қатынастары тараптарының мүдделерін құрметтеу сияқты үш қағидатқа негізделуі керек. Әлеуметтік серіктестікті нығайту үшін оған экономикалық және ұйымдастырушылық база жасалуы керек. Жалдамалы жұмысшыларға кәсіпорын меншігінен үлес алу, акциялардың бақылау пакетін иелену, кәсіпорынды басқаруға қатысу (бақылау кеңестеріне мүшелік ету, әр түрлі комиссияларға мүше болу) мүмкіндіктері осы заң аясында берілуі керек», - деді федерация төрағасы.


Соңғы жаңалықтар