Айқын Нұрқатовтың кітабы Мәскеуде жарық көрді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында айрықша із қалдырған көрнекті сыншы Айқын Нұрқатовтың «Путь к себе. Поэтические традиции Абая» деген монографиясы жарыққа шықты. Кітаптың жалпы редакциясын басқарған - танымал әдебиеттанушы ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов. Ғылыми еңбекті орыс тіліне аударған - белгілі қаламгер Ғосман Төлеғұл.

Өмірден ерте кеткен аса талантты әдебиет зерттеушісі Айқын Нұрқатов (1928-1965) - Абай атындағы КазПИ-дің түлегі. Сондай-ақ, ол осы оқу орнының аспирантурасын бітірген. Жарық көрген кітап - сыншы-ғалымның «Абайдың ақындық дәстүрі» деген ғылыми зерттеуінің аудармасы. Ол оқыстан жазым болған кезде қолжазба күйінде қалған бұл монография келесі жылы басылып шыққан. Негізінен екі тілде еркін қалам тербеген Айқын бұл еңбегін қазақша жазған. Абайдың және оның ақындық айналасы шебер талданған зерделі зерттеу - халқымыздың асыл қазынасы, бағалы мұрасы.

Айқын Нұрқатовтың бұдан басқа «Мұхтар Әуезовтің творчествосы», «Идея және образ», «Жалғасқан дәстүр» сияқты бірнеше кітаптары жарық көрген. Осы еңбектерде әдебиет сыншысының терең талдаулары, байыпты байламдары көрініс тапқан. Айқын поэзия табиғатын керемет түсінетін, өлеңнің түр-сипатын жеріне жеткізе саралайтын білікті ғалым болған. Ол өзінің жастығына қарамастан әдеби ортада беделді тұлға ретінде мойындалған.

«Абайдың ақындық дәстүрі» - Айқынның шоқтығы биік ғылыми зерттеуі. Бұрын-соңғы абайтанушылар бұл еңбекті айналып өткен емес. Ғибратты ғалымның тиянақты тұжырымдары мен терең толғамдары әлі күнге дейін бағалы болып саналады.

Профессор С.Негимов кітапқа жазған алғы сөзінде: «Айқын Нұрқатов ұлт ақыны Абайдың суреткерлік өнегесін, «алыптығы мен ұлылығын», ақындық айналасын, әдеби мектебімен, қазақтың ХХ ғасыр басындағы әдебиетімен сабақтастыра талдап түсіндіреді, қазақтың байырғы ауыз әдебиетінің көркемдік тәжірибелерін жоққа шығармағанын қадап айтады», - деп айрықша атап көрсетеді. Абайтану ғылымында ерекше орны бар зерделі зерттеушінің өлшеусіз еңбегі осылайша лайықты бағаланып отыр. Серік Негимов былтыр Айқын Нұрқатов шығармаларының 5 томдығын алғы сөзі мен ғылыми түсініктемелерін жазып, құрастырып, «Ана тілі» баспасынан жарыққа шығарды.

Айқын Нұрқатовтың ғұмыры қысқа болса да, тағылымды болды. Дарынды сыншы-ғалымның шығармалары күні бүгінге дейін ұрпақтың рухани қажеттілігін өтеп келеді. Ғалымның кезінде үлкен-кіші әдебиетшілердің қолынан түспеген «Абайдың ақындық дәстүрі» атты монографиясының Мәскеуде басылуы баршаға жағымды жаңалық екені даусыз. Бұл - оның мұрасының өміршең екендігінің айқын айғағы.

Соңғы жаңалықтар