«Айка» үшін ұялмайсыздар - Самал Еслямова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова "Айка" фильміндегі рөлі туралы айтып берді. Осы орайда журналистер ұятты кадрлардың бар-жоғын сұрады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мен - қазақ қызымын. Өзім де ашық-шашық киноларды жақтырмаймын. Себебі біздің бойымызда ар-ұят деген сезім бар. Енді, кинода кейіпкердің образын шынайы ойнағанда керек кадрлар болады. Оны да түсіну керек. Дегенмен, шектен шықпау қажет. Әртіс осыны жақсы түсінуі керек деп ойлаймын. Бұл фильмде ондай кадрлар жоқ. Сондықтан "Айка" үшін ұялмайсыздар", - деді С.Еслямова журналистерге берген сұxбатында.

nullӘртістің айтуынша, фильмнің ең соңғы эпизоды оны қатты тебірентті. Ол жерде баласын тастап кеткен ана өз қателігін түсінеді. "Фильмде менің кейіпкерім өз баласын тастап кетеді. Бірақ артынан іздеп барады да, өзімен бірге алып кетеді. Бұл эпизод мені қатты тебірентті. Енді, өзім әлі тұрмысқа шыққан жоқпын. Балаларым да жоқ. Құдай қаласа, болады деген үмітім бар. Бірақ кез келген адам үшін ананың орны бөлек қой. Ана мен бала арасындағы қатынас қашанда ыстық әрі жүрекке жақын. Сондықтан соңғы эпизод мені қатты толғандырды", - деп атап көрсетті С.Еслямова.

Фильм режиссері Сергей Дворцевойдың айтуынша, фильмде баланы емізгенде дублердің көмегіне жүгінуге тура келді. Себебі баланы кәдімгідей емізу керек еді. Қалғанын Самалдың өзі ойнап шықты. Канн фестивалінде шикі материал көрсетілсе де, әділқазылар алғашқы 40 минутты көргеннен кейін бірден байқауға қатысуға рұқсат берді. "Фестиваль директоры екі күннің ішінде жинап берсең, қабылдаймыз деді. Біз іле-шала фильмді жинауға кірістік. Сөйтіп, екі күннің ішінде дайындап шықтық. Жартылай дайын материал болса, Самалдың әртістік шеберлігі әділқазыларды бей-жай қалдырмады. Әлі есімде, залдан шыққаннан кейін бір әйел келіп, Самалды қатты құшақтап, біраз тұрды. Сөйтсе, әділқазылар алқасының төрайымы Кейт Бланшет екен. Оның үндемей келіп, Самалды қатты құшақтағанынан фильмнің ұнағанын түсіндік. "Айка" бір-бір жарым айда толығымен дайын болады. Ал күзде прокатқа шығады", - деп атап көрсетті С.Дворцевой.

Айта кетейік, қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-інші Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында жеңімпаз атанған болатын. Аталған марапатты ол ресейік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасындағы рөлі үшін алды. Фильмде Мәскеуге жұмысқа барған қырғыз қызының тағдыры жайында баяндалады.  Бүгін Самал Еслямова Астанаға ұшып келді. Әуежайда актрисаны қазақ жастары Мұқағали Мақатаевтың «Қазақстан» атты өлеңіне жазылған әнмен қарсы алды. «Сен менің сүйегім мен қанымдасың, Жанымдасың, ұятым, арымдасың», деп ән салған жастардың кейбірі ұлттық нақыштағы киім киіп келген. 

Соңғы жаңалықтар