«АЙКА»: Ұлт трагедиясы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әйел азса, ұлт жойылады. «Айка» фильмінің басты идеясы - осында. Фильмнің табиғаты тым күрделі, масштабы ауқымды, адамзатқа айтары бар. Қатігездікті мойындау арқылы ғана, мейірімнің қадірін түсінуге болатынын да «Айка» көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, С.Дворцевойдың «Айка» фильмі - бүгінгі дәуірге қойылған қатаң диагноз.

Біз өзгердік. Заманымыз да өзгерді. Рухани құлдырау орын алып, адамның ойлау жүйесі өзгеріске ұшырады. Нарық, жұмыссыздықпен қатар, құлдық, адам саудасы өршіп, тоқыраулар мен тығырыққа тірелулер орын алды. Осы күйді өткерген ұлт тағдырын фильм авторы басты кейіпкер Айка арқылы үлкен шеберлікпен ашады. Бұл заманның ащы шындығын мойындау.

Фильмнің басты ұтымдылығы - автор көрерменге тығырыққа тірейтін сұрақ қояды. Таңдау жасауға мүмкіндікті меңзейді. Арыңа, адалдығыңа соның ішінде аманатқа есеп беру қажеттігін айтады. Адамзаттық дейгейде ұлттың құқын ашық талқыға салады.

Осы біз неге адам сияқты өмір сүре алмаймыз?! Әлеуметке тұрақты экономикалық жүйе құра алмаймыз?! Айуандығымызды мойындаймыз. Бірақ, табиғатымызға қарсы тұра алмаймыз. Мәселе осында. Осының өзі -шешілмеген түйін. Жауабы жоқ, көп сұрақ. Фильмнің шарықтау шегіндегі шарасыздықтан қиналып жылаған Айканың көз жасы көрерменді де тығырыққа тірейді. Бұл сәт үлкен шеберлікпен фильмге ұтымды нүкте қойған.

Дәл бүгінгі заманда ойланбайтын адамдар көп. Жауапкершілікті көтермейтін, жаны ауырмайтын, өз ісіне есеп бермейтіндер мен жалған күлетіндер, жағымпаздықтың арзан маскасын киетіндер толып жатыр. Өзін алдайтындар, ертеңін ойламайтындар мен келешегіне алаңдамайтындар қаншама. Ендеше бұл фильмнің бүгінгі көрерменге әлі де ойлануға беретін мүмкіндігі көп.

Күнкөріс, күйбең тірлік, жанбағыс - осы жолда кейіпкер барлық тәуекелге барады. Баладан безіну, өз аналық табиғатына қарсы тұру, түйсігін мойындамау, қиянат жасап, өзін аямау - мұның бәрі де шарасыздықтан. Амал жоқтықтан. Осыларды аша отырып, бұл фильм ұлттың құқын таптау мен сақтаудың ең өзекті саяси мәселесін өткір қозғай білді.

Ұрпақ жазықты емес, егер ер-азамат жауапкершілік алмаса. Егер әйел затын қорласа, ананы «Ана» деп сыйламаса, қарындасты қорғамаса, жарын аяламаса - оның бәрінің құны жойылады. Мәселенің негізгі өзегі осында. Көп жағдайда әйел - рухани, ер-азамат - материалдық құндылықтарға жауапты. Түйіндей айтқанда, экономиканың барлық саяси картасы дәл осы фильмде ерекше ашылды.

Әйел заты күнкөрістің түйсігіне тәуелді болса, ол ұлттың ер-азаматтарының намысы мен беделі жойылады. Әйелдің өз табиғатына қарсы тұрып, жатырындағы жауапкершілікке шарасыздықтан қиянат жасаса, демек, бұл ұлтқа төнген ең үлкен қауіп. Өзге ұлттың табалдырығында күнелтудің трагедиясының негізі де осында.

Авторы: Гүлзат КӨБЕК

Кинотанушы, Өнертану PhD докторы

Соңғы жаңалықтар