Айхан Явружу: Астана - шығыстан туған жарық жұлдыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан астанасы Алатау бөктерінен Сарыарқа даласына ауысқанына тура 20 жыл толып отыр. Осы мәртебелі мерейтой қарсаңында ҚазАқпарат қазақтың бас шаһары жөніндегі елорда қонақтарының естеліктерін жариялауды жөн көріп отыр. Бүгін біз түркиялық «Аларко» компаниялар тобы басқармасының төрағасы Айхан Явружудың Астана туралы толғанысын оқырман назарына ұсынамыз.

***

  

Айхан Явружу: Астана - шығыстан туған жарық жұлдыз

«Аларко» компаниясы ретінде Қазақстанға 1990 жылдардың басында ат басын тіреген едік. Алғаш тоқтаған жеріміз - арайлы Алматы болды. Алатау бөктеріне орналасқан көне шаһар шын мәнінде әдемі екен. Айнала қоршаған асқар шыңдар, жасыл-желекке оранған шатқалдар, тау етегінде орналасқан қала көңілімізге бірден жақты. Жылдың қай мезгілі болмасын жанға жайлы. Әсіресе, көктем уақытында ақ бас таулар ақ тонын шешіп, көк көйлек кие бастағанда, өзіңді бір тылсым дүниеге енгендей сезінесің.

Алматы - бұрынғы бас қала. Бүгінде бұл ұлы миссияны Астана арқалап, қазақтың көшін алға сүйреп келеді. Біз көрген тоқсаныншы жылдардың басында Ақмола деп аталатын кішкентай ғана кент еді. Солтүстік аймақтың климаты қатал жазық даласында орналасқан шағын шаһар көп ұзамай тоты құстай түрленіп, жердегі жұмаққа айналды. Ғажайып құбылыстың авторы - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қаланың сәулеттік концепциясын әзірлеп, аумағын кеңейтті. Қазір отыз жыл бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астананың келбетін салыстырғанда, жер мен көктей айырмашылықты еш қиындықсыз байқауға болады.

Компаниямыздың жұмысын жауапты атқара отырып, бас айналдырар өзгерістер мен қарыштап дамудың куәсі болдық әрі екінші үйіміздің қалыптасуына қал-қадірімізше өз үлесімізді қостық. Бізге сенгені үшін, қызмет ету құрметіне лайық көргені үшін шексіз разылығымызды білдіреміз. Біз барлық теңеу жарасатын Астананың әр кірпішін бірге қаласқанымыз үшін бақыттымыз.

Астана - Шығыстан туған жарық жұлдыз, әлем шаһары. Әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп отырған арман қала. Сұлулығында шек жоқ, сөзбен сипаттау оңай емес.  2012 жылы «Түркі әлемінің мәдени бас қаласы» ретінде танылып, республика көлеміндегі, халықаралық деңгейдегі жиындар тоғыз жолдың торабында өтті.

Батыс пен шығыс түйіскен сайын дала төсінде көпжақты саяси және экономикалық қарым-қатынас орнатып, мәдени-әлеуметтік ынтымақтастықты тоғыз жолдың торабында тоғыстырды.
Елбасының қолынан шыққан туынды, айбыны асқақ Астана Мәңгілік Ел болу жолында нық қадам басып, Мемлекет басшысымен бірге болашаққа бет алды.

Бауырластырыма осы жолда сәттілік және табыс тілеймін!

 

Айхан ЯВРУЖУ

«Аларко» компаниялар тобы басқармасының төрағасы

***

  

Мақала Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің көмегімен дайындалды

Соңғы жаңалықтар