Айгүл Құспан Президенттің ЕАЭО-дағы сөзі жайлы: Экономикалық интеграция қажеттігін шебер жеткізді

Фото: Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Jibek Joly телеарнасының «JJ Talk» бағдарламасында қонақта болған Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінде сөйлеген сөзіндегі басты месседждерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға тек экономикалық интеграция қажет. Біздің Президент шебер дипломат болған соң оны әдепті, сыпайы түрде жеткізді. Оны сонда отырған адамдардың барлығы түсінді деп ойлаймын. Бұл әңгіме жай айтылған жоқ. Бірнеше ресейлік шенеулік бір парламент құрайық, ортақ валюта болсын деген бастама көтеріп жүрді. Оның барлығы – саясат. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқаны тек экономикалық интеграция төңірегінде болды. Бірақ, бұл орайда бір мәселе айтылды, ол – осы бес мемлекеттің ішінде екі ел бөлек, терең интеграцияға өтіп келе жатыр», - деп пікір білдірді Айгүл Құспан.

Мәжіліс депутаты аталған одаққа мүше барлық ел экономикалық тұрғыдан тең дамуы маңызды екенін атап өтті.

«Мәселен, біздің дүкендерде Ресейден келген тауарлар толып жатыр. Ал, біздің өнімдеріміз ол елдің нарығында жоқ. Сонымен қатар, қазақстандықтар жұмыс істеу үшін Ресейге барады. Дегенмен, ол елден бізге қызмет етуге келетіндер жоқ. Әрине, бұл орайда мобилизация кезеңін есепке алып отырған жоқпын. Сондықтан, осындай және өзге де мәселе көп. Оны шешуді қолға алуымыз қажет. Президент сөзіндегі негізгі месседж осы болды деп есептеймін», - деп түйіндеді депутат.

Айгүл Құспанның ойы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер бірлесіп, тек экономикалық ілгерілеу бағытында жүруі тиіс дегенге саяды. Оның пайымынша, бұл ұйым төңірегінде саяси мүдде болмауы қажет.


Соңғы жаңалықтар