Айфондарға шабуыл: Астаналық полиция алаяқтардан абай болуға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Ішкі істер департаменті алаяқтарға алданып қалған «ІРhone» маркалы телефоны бар азаматтардың шағымын тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың Ішкі істер департаментінен мәлім еткендей, ІPhone мобильді телефонының бұғатталуына қатысты бірнеше азаматтан шағым түскен. Алаяқтардың амалдары әртүрлі. ІІД соның бірі былайша жүзеге асырылатынын хабарлайды.

«Алаяқтар «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жалған аккаунт ашып, зардап шегушілермен пікір алмаса бастайды. Кейін жоғалтып алған iPhone телефонын тауып беруге зардап шегушіден көмек сұралады. Ол үшін зардап шегуші өз телефонында «Айфонды табу» функциясын пайдалануы тиіс. Алаяқ өзінің айклаудын құпиясөзбен бірге жібереді де, зардап шегуші бөтен айклаудты өз мобильді телефонына қосады. Бұдан әрі алаяқ интернетке кіреді, құпиясөзді өзгертіп, «жоғалтып алу» режимін іске қосады. Осыдан кейін зардап шегушінің мобильді телефоны бұғатталып қалады», - делінген полиция хабарламасында.

Ал келесі жағдайда алаяқтар жалған сатып алушы ретінде интернетте ІРhone немесе  iPad-ын сатпақ болғандармен мессенджер арқылы хат алыса бастайды. Жазысу барысында алаяқ өзінің айклауды барлық модельдерге келе бермейтінін айтып, өзінің айклаудымен Ірhone-ды тексеру үшін логині мен құпиясөзін жібереді. Зардап шегуші әлбетте, еш күмәнсіз бөтеннің айклаудын енгізеді де, кейін бармақ тістеп қалады.

Осыдан кейін алаяқтар бұғатталған ұялы телефонды қайта іске қосу үшін QIWI электронды төлем арқылы ақша жіберуді ұсынады. Хат алмасу барысында алаяқ мобильді телефонды бұғатттаудан шығаруға арналған тарифтік сетканың толық нұсқауын жібереді.

Қазіргі уақытта аталмыш қылмысты жасайтын алаяқтарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, соның ішінде жаңа технологияларды пайдалану арқылы. Полиция қызметкерлері азаматтарға абай болуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар