Әйелін соққыға жығатындар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар бұдан-былай қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

3 шілде күні ҚР Президенті Қылмыстық кодекстің 108 және 109-баптарын («Денсаулыққа қасақана жеңіл зақым келтіру» және «Ұрып-соғу») Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы заңға қол қойды. 13 шілде күні бұл түзетулер өз күшіне енді.

Бұған дейін Қылмыстық кодексте тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 45-тен 60 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған еді. Бұл шараларды қолдану 2020 жылға дейін тоқтатылды. Енді Әкімшілік кодекс бойынша, әйелін ұрған ер адам 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Ұрып-соғу мен денсаулыққа зақым келтіргені үшін тағайындалатын айыппұлдар көлемі де азайды.

Салыстырып қарар болсақ, Қылмыстық кодексте денсаулыққа зақым келтіргені үшін: 200 айлық есептік көрсеткішке (525 мың теңге) дейін айыппұл салу; осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту; 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту; 60 тәулікке дейін қамауға алу (тұтқынға алу шарасы ҚР ҚК 467-бабымен 2020 жылға дейін тоқтатылды) жазалары қарастырылған болатын. 

Ендігіде, Әкімшілік кодекстегі тұрмыстық зорлық-зомбылық бабына сəйкес, 15 АЕК көлемінде айыппұл (39 мың теңге) немесе 15 күнге дейін әкімшілік тұтқындау қарастырылған. Сондай-ақ, Әкімшілік кодекс бабының екінші бөлімінде ұрып-соғуды бір жыл ішінде бірнеше рет қайталаған адамды 20 күнге әкімшілік тұтқынға алу көзделген және 30 АЕК (78 мың теңге) көлемінде айыппұл тағайындалады.

Сонымен қатар, «Ұрып-соғу» бабы бойынша Қылмыстық кодексте 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу; сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту; 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазалары көрсетілген еді.

Ал Әкімшілік кодексте ұрып-соғу үшін 10 АЕК (26 мың теңге) көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін тұтқындау жазалары көзделген. Соққыға алу оқиғасы бір жыл ішінде қайталанған жағдайда «сотқар күйеу» 15 тәулікке қамауға алынады.

Соңғы жаңалықтар