Әйелін өлтіріп, балаға оқ атты: СҚО тұрғынына үкімі шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әйелін өлтіріп, қызы мен 12 жасар жиеніне қастандық жасаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот әйелін атып өлтіріп, тағы екі адамды, оның ішінде 12 жастағы баланы өлтіруге оқталу фактісі бойынша 58 жастағы Юрий Глушковқа қатысты қылмыстық істі қарады.

Оқиға биыл 10 мамырда Тимирязев ауданында болған еді. Ерлі-зайыптының мерекелік отырысы жанжалмен аяқталып, әйел қызының үйіне кетіп қалады. Мас ер адам жұбайын үйіне қайтармақ болады, бірақ жанжал қайта өршіп, күйеуі мылтық пен пневматикалық тапаншаны пайдаланып, әйелін атып тастайды. Кейін қылмысты жасыру үшін жиенін және оның анасын өлтірмек болады.

Юрий Глушков әйелін басынан және кеудесінен атқан. Кейін 12 жасар жиеніне де оқ атап, қызына қастандық жасайды.

Сотта ер адам: «Мен оларды өлтіргім келген жоқ, тек қорқытпақ болдым», - дейді.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және сараптамалар қорытындысымен дәлелденді. Қылмыстардың жиынтығы бойынша прокурор ер адамды 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Зардап шегушілер оны қолдады.

Сотталушының қылмысты мас күйде және қаруды қолдана отырып жасауы – оның жазасын ауырлата түсті. Ал мүліктік зиянды өз еркімен өтеуі ер адамның жазасын жеңілдететін жағдай ретінде қаралды.

Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша ер адамға 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.


Соңғы жаңалықтар