Әйелін қызының көзінше пышақтаған алматылыққа сот үкімі шықты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бес жасар қызының көзінше әйеліне пышақпен шабуыл жасаған ер адам үш жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы Бостандық ауданының № 2 сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша іс қаралды.

Сотта анықталғандай, сотталушы В. әйелі өзіне опасыздық жасады деген күдікпен, оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, денесіне пышақ жарақаттарын салған. Содан кейін жедел жәрдем шақырып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады, зардап шеккендер прокурордың ұстанымымен келісті.

Сот үкімімен В., денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Сондай-ақ сотталушыдан 2 млн теңге моральдық шығын ішінара өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Былтыр қараша айында Алматы тұрғыны Ирина Веденяпина бес жасар қызының көзінше жұбайының пышақпен шабуылдағаны туралы Instagram парақшасына жазған болатын.


Соңғы жаңалықтар