Әйелін 41 рет пышақтап өлтірген ақтөбелікке сот үкімі шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік Денис Кураш әйелін 41 рет пышақ салып өлтірген.

Кейін денесін төсенішке орап, аула ішіндегі дәретханаға лақтырып жіберген. Сот оны 17 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денис Кураш Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданының тумасы. Ол жұбайы Оксанамен бірген Ақтөбе қаласындағы жер үйлердің бірінде пәтер жалдап тұрған. Іс материалдарына сүйенсек, өткен жылдың қараша айында Денистің інісі қайтыс болған. Денис пен Оксана жерлеу рәсімінен соң үйлеріне келіп, ішімдік ішеді. Сол кезде екеуі жанжалдасып, ері әйелін ұруға көшкен. Кейін қолына пышақ алып, әйелінің өтінішіне қарамастан денесіне жарақаттар сала бастаған. 41 рет пышақ сұғып, артынша мойнынан бауыздаған.

Денис Кураш сот отырысы кезінде кінәсін толық мойындады. Жұбайын өлтіргеннен кейін мүрдесін төсенішке орап, аула ішіндегі дәретханаға тастағанын айтты. Оксананың денесін туыстары мен пәтер иесі тапқан. Денис Кураш әйелін өлтірген соң артынан ешқандай да із қалдырмай, бөлме ішін жинап, жуып, тазалап қойған екен.

Судья Нұрлан Сұлтанов сотталушы Денис Курашқа 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, түрме ішінде оны маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдейтін болады. 

Соңғы жаңалықтар