Әйелдің басын таспен ұрған: Алматы облысында тапа-тал түсте адам тонаған күдікті ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Ескелді ауданында тапа-тал түсте ауыр дене жарақатын салып, адам тонаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28-қыркүйек күні Ескелді ауданында үйіне келе жатқан жолда 52 жастағы әйелге белгісіз біреу шабуыл жасап, қолындағы сөмкесін алып қашуға әрекеттенген. Оқиға сағат 15:30 шамасында болған.

Сөмкені жібермейтінін түсінген күдікті алдын-ала дайындап алған таспен әйелдің басынан соққы жасаған. Дегенмен, зардап шегуші әйел ішінде қомақты қаржысы бар қол сөмкесінен айырылмай, өзгелерді көмекке шақырған. Күдікті оқиға орнынан ізін суытуға тырысқан.

«Күдікті бой тасалауға тырысқанымен, көшедегі куәгер азаматтардың көмегімен ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Тексеру барысында күдіктінің бұған дейін адам өлтіру, ұрлық деректері бойынша бірнеше мәрте сотталған 44 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Оқиға орнынан күдікті пайдаланған тас тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің баптарына сәйкес, кісі тонауға оқталу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деді Ескелді ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Жанат Құдайбергенов.

Зардап шегуші өзіне жасалған шабуыл кезінде алған дене жарақатымен дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Алдын-ала тергеу барысында күдіктінің ішімдікке сылқия тойып алып, қылмыс жасағаны белгілі болды. Полицейлер күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатысы барын тексеруде.


Соңғы жаңалықтар