Әйелдер түрлі жобаға көбірек қатысса, оң нәтиже болады – Манделаның немересі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Энергетика саласындағы әйелдер көшбасшылығы» білім беру бағдарламасы ашылды. Оған әйгілі Нельсон Манделаның немересі Ндилека Мандела қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, мәслихаттарда әйелдердің үлесі –27-30, мемлекеттік қызметте – 80, квазимемлекеттік секторда – 22, білім беруде – 92, медицинада 60%-дан астамды құрап отыр. Әр деңгейдегі басшылық лауазымдардың шамамен 40 пайызын әйелдер атқарады.

Еліміздің энергетика саласында да әйелдер қатары аз емес. Мәселен, олардың үлесі Атырау мұнай өңдеу зауыты мен NCOC компаниясында –30, «Теңізшевройл» ЖШС-да 35 пайызды құрайды.

Іс-шараға қатысқан G-Global халықаралық бағдарламасының Оңтүстік Африкадағы өкілдігінің жетекшісі Ндилека Мандела әйелдер көшбасшылығын дамыту туралы пікір білдірді. Ол – саналы өмірін адам құқығы үшін күресуге арнаған, Нобель сыйлығының иегері, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Нельсон Манделаның немересі.

«Қазақстанда әйелдер құқығын қорғауда айтарлықтай жетістік бар. Қазір әйелдер энергетика саласында да көшбасшылық позицияға ие болып отыр. Түрлі жобаларды жүзеге асыруға әйелдер неғұрлым көбірек қатысса, соғұрлым оң нәтиже болады. Көптеген елде гендерлік теңсіздік әйелдер денсаулығы мен құқығын дамыту бағытындағы тақырып аясында талқыланып келеді. Осы мәселелерді талқылаудан кейін әйелдерге өз ісімен айналысу үшін гранттар мен несиелер бөлінді. Әлемнің көптеген мемлекетінде әйелдер елдің дамуына белсенді қатыса бастады. Біз әйелдердің энергетика секторындағы барлық жобаға қатысуына мүмкіндік беруіміз керек», - дейді Ндилека Мандела.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраулық мектеп түлегі әлемнің 15 университетінен оқуға шақырту алғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар