Әйелдер колониясында негізінен есірткі қылмысы және адам өлтіргені үшін отыр – жедел уәкіл

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/6 мекемесінде 250-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Тәртіптік бөлімнің аға жедел уәкілі Әсемхан Нұрғалиева сотталғандардың режимдік талаптарды және ішкі тәртіпті сақтауын қамтамасыз етеді. ҚазАқпарат тілшісі Әсемхан Қуанышбекқызын әңгімеге тартқан еді.

- Әсемхан Қуанышбекқызы, тәртіптік бөлімнің аға жедел уәкілінің жұмыс міндетіне не кіреді?

Ең басты міндетіміз - мекемеде тәртіпті қамтамасыз ету. Жазасын өтеушілер бекітілген тәртіпті сақтап, заңды талаптарды орындауы, жазаны өтеу барысына не қарайды, ол: күн тәртібі, оны мекеме басшысы бекітеді. Күн тәртібіне таңертеңгі тұрудан бастап, ұйқыға жатқанға дейінгі уақыт кіреді. Ұйқыдан тұру, жаттығу, таңғы ас, үй-жайды тазалап, жинау, сондай-ақ жазасын өтеушілер сабаққа барады, үйірмелерге, кітапханаға барады, кешкі сағат 20.00-ден кейін қызығушылықтарымен айналысуға мүмкіндік береміз. Бұл уақытта әдетте сотталғандар шай ішеді, әңгіме-дүкен құрып, өз оқиғаларымен бөліседі, бірі үйіне хат жазса, енді бірі таксофон арқылы туған-туыстарымен сөйлеседі. Әр жазасын өтеушінің аптасына бір рет таксофонды пайдалануға немесе Skype арқылы бейнебайланысқа шығуға құқы бар.


- Жұмысыңыз қаншалықты қауіпті?

Жұмысымыз қауіпті деп айта алмаймын, бірақ, асқан жауапкершілікті, үнемі сақ болуды талап етеді. Шыдамдылық пен қатты мінез де болуы керек. Эмоцияға берілмей, салқынқандылық танытқан жөн. Бұл қызмет менің мінезіме сай деп ойлаймын, өйткені мен оңайлықпен жыламаймын, ия қажет болса қолдау көрсетемін, бірақ жылап отыру ол менің жаныма жат.


- Өзіңіз жайында айтсаңыз, құқық қорғау саласын таңдауыңызға кім себеп болды?

Мен М.Жұмабаев ауданы Хлеборобное елді мекенінің тумасымын. Жасым 25-те. Әке-шешем сол ауылда тұрады, ағам және әпкем бар, ағайынды үшеуміз. Ағам Уәлихан

мамандандырылған күзет қызметі басқармасында, әпкем де органда, өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейді. Анам орыс, ағылшын тілдерінің мұғалімі, әкем – механизатор. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжін заңгер мамандығы бойынша бітірдім. Оқуға түспес бұрын анам менің қай салаға икемім барлығын түрлі тестермен көрді. Құқық қорғау саласын таңдауыма, осы жұмысқа келуіме анамның ақылы себеп болды. Әрі погон тағу менің бала кезден келе жатқан арманым болатын. 2017 жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша бір жыл әйелдер колониясында тәжірибе жинадым. Жұмыс ұнады. Құжаттарымды жинап, мекемеге орналастым. Ата-анам қарсы болған жоқ, керісінше, қолдау көрсетті, сол үшін оларға ризамын. Кейін Алматыдағы әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін сырттай тәмамдадым.


- Әйелдер қандай қылмыстар үшін жазаларын өтеп жатыр?

Жазасын өтеушілердің басым бөлігі есірткі қылмысы және адам өлтіргені үшін отыр. Сондай-ақ, ұрлық, алаяқтық үшін сотталғандар көп. Жалпы, статистика бойынша, колониядағы әр бесінші әйел адам өлтірген. Мәселен қазір 20 жыл отасқан күйеуін өлтірген әйел жазасын өтеп жатыр. Ол отбасындағы жанжал кезінде күйеуіне пышақ сұғып алған. Ер адам оны үнемі қызғанып, күн көрсетпепті. Қазір әйел істеген ісі үшін өкінеді. Оның бостандықта анасы, балалары бар, олар үнемі хабарласып, кездесуге келіп тұрады. Жалпы әр сотталғанның тәртібіне, жасаған қылмысына қарай туған-туыстарымен кездесу кестесі белгіленеді. Әдетте жылына 6 рет қысқа және 2 ұзақ кездесуге рұқсат бар. Жеңілдетілген жағдайда жазасын өтеуші 6 қысқа және сонша ұзақ кездесуге рұқсат алады. Қысқа кездесулер 2 сағаттық, ұзақ кездесу екі тәулікке шақталған.


- Қылмыскерге аяушылық білдірген кездеріңіз болды ма?

Қылмыскерлерді аяған кездерім жоқ, бірақ кей жағдай ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Әр сотталған ол ең алдымен жеке адам, олардың әрқайсысының тілін таба білу керек. Оларды тәртіпке көндіру үшін, біз мықты психолог бола білуіміз қажет.


- Мекемеде сотталғандардың аштық жариялаған кездері болды ма?

Мен жұмыс істеп жатқан кезеңде аштық жариялау фактілері болған жоқ. Бұл жағдай көбіне мекемедегі контингентке байланысты, бізде жазасын өтеушілердің орта жасы 30 бен 50 аралығында. Олар ақыл тоқтатқан әйелдер, сондықтан мұндай қадамға бармай, мәселені ақылмен шешуге тырысады.


- Бұл жұмыс мінез-құлқыңызға әсер етті ме, жалпы сіздерге қандай талаптар қойылады?

Бізге қойлатын талаптардың бірі - эмоционалды тұрақты, педагогикалық, қарым-қатынас жасау қабілеттері жақсы жетілген болу. Кез келген уақытта күтпеген жағдай туындауы мүмкін, сондайда тез, әрі дұрыс шешім қабылдай білу де маңызды. Органда қызмет ету, әрине, мінез-құлықтың өзгеруіне әсер етеді. Қатайтады, кей жағдайларға көзқарасыңды өзгертеді. Қызметті бақылаушыдан бастадым, қазір тәртіптік бөлімде аға жедел уәкіл болып жұмыс істеймін. Бұл мекемедегі негізгі қызметтердің бірі. Жазасын өтеушілердің тәртібіне, режимнің орындалуына қарайды, жауап береді.


- Жұмысыңыздағы ең қиыны не, осы саланы таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

Біздің жұмыстағы ең қиыны – адамды тану. Ол үшін сотталғандармен жеке, алдын алу әңгімелерін жүргіземіз. Мақсатымыз оның ойын, көңіл-күйін білу, жазасын әрі қарай қалай өтемек, жағдайды қабылдай алды ма. Бірақ, барлығы бірдей ағынан жарылып, ішіндегісін айта қоймайды. Міне, осындайда психология қажет. Әрі қайта-қайта жүргізілген жұмыс нәтижесін бермей қоймайды. Бұл жұмысқа келгеніме өкінбеймін, жасырмаймын, басында қиын болды, бірақ уақыт өте келе үйренесің, жауапкершілікті түсінесің.


- Әңгімеңізге рахмет!



Соңғы жаңалықтар