Әйелдер колониясында балаларға жаңа жыл мерекесі ұйымдастырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Медициналық сақтандыру қорының қызметкерлері Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 әйелдердің түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдердің балаларына мерекелік шара ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі МСҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жауғашты ауылындағы колония Сәбилер үйі бар бірден-бір түзеу мекемесі. Сондықтан тағдыр тәлкегіне түсіп, істі болған, кішкентай баласы бар әйелдер осында жөнелтіледі. Түрме басшылығының айтуынша, сот жүйесінің ізгілендірілуіне байланысты соңғы жылдары олардың көбі бостандыққа уақытынан бұрын шығуға мүмкіндік алып отыр.

Бүгінгі күні түрме жанындағы Сәбилер үйінде 3 жасқа дейінгі 19 бала тәрбиеленіп жатыр. Аналарға уақытының басым бөлігін баланың қасында өткізуге рұқсат етілген.

Жаңа жыл қарсаңында Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы қызметкерлері балаларға ұмытылмас мереке сыйлады.

Балалар шырша тойына тыңғылықты дайындалыпты. Шебер әйелдер бүлдіршіндерге жаңа жылдық костюмдер тіксе, балалар қонақтарға жаңа жылдық тақпақтарын айтып берді. Қор өкілдері әкелген ойыншықтар мен тәттілер балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Филиал директорының орынбасары Жанар Кенжебаеваның сөзіне сүйенсек, қайырымдылық шараларының колонияда тәрбиеленіп жатқан балалар үшін маңызы зор.

«Мұндай акциялар түрмеде тұратын балалардың психикалық көңіл-күйіне, эмоционалдық жағдайына оң ықпал етеді. Сол себепті осындай шараларды мүмкіндігінше көбірек өткізу қажет. Біз бүлдіршіндерге осындай мереке сыйлағанымызға қуаныштымыз. Өйткені, жаңа жылды балалар асыға күтеді» - деді Жанар Кенжебаева.

Соңғы жаңалықтар