Әйелдер де Ұлы Жеңіске үлес қосты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысы жылдарында әйел адамдар да тылдағы еңбекке араласып, өздерінің сүбелі үлестерін қосты, Ұлы Жеңісті жақындатуға аянбай тер төкті. Олардың арасында ақмолалық қыз-келіншектердің ерең еңбегі ел есінде, тарихи мұрағаттарда мәңгі сақталған. Бұған «ҚазАқпарат» тілшісі Көкшетаудағы Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатында болғанында көз жеткізді.

Мұрағат құжаттарының Ақмола облыстық партия комитетінің 1941 жылғы 4 қыркүйектегі деректерінде соғыс басталған алғашқы күндері-ақ 404 әйел адамның еңбекке араласқаны айтылады. Мысалы, станок құрылысы заводының токары А.Лебединская өзінің нормасын 150-200 пайызға орындады. Бұрынғы мұғалім Бану Құралина тігін шеберханасының тігіншісі ретінде өзіне жүктелген тапсырысты 130-150 пайызға артығымен орындап, көзге түсті.

Ал сол жылдары ауылдағы егіс алқаптары мен мал шаруашылықтарында 10 мыңнан астам әйел адам еңбек еткен екен. Сөйтіп, біздің облысымызда жоғары өнім алған 163 әйелдер звеносы ұйымдастырылды. Вишнев ауданының Михайлов МТС-ның тракторшысы А.Лысенкова 1941 жылдың өзінде 600 гектар алқаптың астығын бастырды. Сөйтіп ол 1942 жылы - «Құрмет белгісі» орденімен, ал 1943 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Макиндік қызыл әскер құрамында болған З.Қазиева да көктемгі егіс кезінде өзінің ауысымдық нормасын артығымен орындап, 630 литр жанармайды үнемдеді. Ал Ақмола ауданының Шалқар ет-сүт совхозының сауыншысы Қ.Құсанова 1942 жылдың қаңтар-ақпан айларында 50 бұзауды өсіріп күтті.

1942 жылы елімізде алғашқы әскери заемдар шығарылды. Бұған біздің облыстың еңбеккерлері де үлес қосып, оны көптеп жаздырып алуға тырысты. Ақмола ауданының «Қызылту» ұжымшарынан майданға аттанған жауынгердің әйелі Мидан Сәрсенбаева 100 мың сомға жазылды.

Міне, ел басына қиын-қыстау күн туғанда әйелдердің де ер адамның ауыр жұмыстарын атқарып, мойымай еңбек еткені ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан, бүгінгі Жеңіс күні осындай адамдарды еске алып, тағзым ету біздің де парызымыз.

Мұрағат деректері бойынша дайындалды

Соңғы жаңалықтар