Әйел шындап кіріссе қоғамды өзгерте алады - Зейнеп Ахметова

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Әйелдің қолынан келмейтіні жоқ. Әйел шындап кіріссе қоғамды өзгерте алады. Бұл туралы этнограф, жазушы Зейнет Ахметова Ақтөбеде өткен «Анаға тағзым» слетінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Аналар слеті елімізде алғаш рет ұйымдастырылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз құттықтауын жіберді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыстағы депутаттардың әрбір төртіншісі, кәсіпкерлердің әрбір үшіншісі нәзік жандардың үлесінде.

«Ақтөбе - қасиетті, киелі жер. Сол жерге Бибігүл Ахметқызы бастаған қазақтың батыр қыздары келді. Жастар алдыңғы буынға қарап тәлім алып, еңбек етсе, ел даму жолында болады. Ал жаңа орталықта «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілері тағылып, танымдық кештер өтеді. Сонымен қатар, біз «Ана даңқы» төсбелгісін беруді жоспарлап отырмыз. Дәл осы Аналар слеті өзге өңірде өз жалғасын табады деп сенеміз»,- деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Слетке қатысқан Социалистік еңбек ері, әнші Бибігүл Төлегенова, Қазақстан Республикасындағы балалар ісі жөніндегі жедел уәкіл Сәуле Айтпаева, Социалистік еңбек ері Вера Сидорова, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметова сөз сөйледі.

«Әйелдің қолынан келмейтіні жоқ. Әйел шындап кіріссе қоғамды өзгерте алады. Әйелді көбіне «үйде бала бағып, бос отыр» деп айтып қалады. Осыны айтқан адамның аузынан ұруға болады. Өйткені әлемде өмірге перзент әкеліп, бала бағу, өсіріп, қоғамға азамат етіп қосудан артық жұмыс жоқ. Әйелдің үш бақыты бар. Олар: қыз дәурені, адал жар болу, ана атану. Айтпағым, қазақ әйелдері тағдырлы. Ақтабан шұбырынды кезінде ер азаматтармен бірге соғысқа қатысып, артынан еріп, жауынгерлерді киіндірді, тамақтандырды. Мысал өте көп. Еркек пен әйел екі әлем. Ер адам 60-70-ке келсе де ана алақанын аңсап тұрады»,- деді Зейнеп Ахметова.

Ақтөбедегі Аналар слеті кезінде қатысушыларға үндеу тасталды. Онда салауатты өмір салтын насихаттау, ана мен баланы қолдау, көпбалалы және толық емес отбасын қолдауға бағытталған өңірлік бағдарламалар қабылдау, болашақ ана ретінде қыздар тәрбиесіне көңіл бөлу, мектептер мен білім мекемелерінде қыздар клубы мен аналар кеңесін құру, азаматтық некедегі жұптарға заңды некенің құқықтық-мүліктік басымдықтарын түсіндіру, ата-аналардың өз балалары алдындағы жауапкершілігін арттыру туралы жазылды. 

Соңғы жаңалықтар