Әйел - отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін ерекше мерекенің бірі - 8 наурыз! Бұл - әлемдегі ең асыл жандардың ең жарқын мерекесі. Бір ғасырдан астам уақыт бойы осы мереке дүние жүзінің 80-нен астам елінде, сол секілді Қазақстанда да ерекше аталып келеді. Бұл күн әйелдерге зор құрметпен қарауды қанға сіңдіріп, оларға айрықша ізет көрсету, лайықты деңгейде құттықтау дәстүрі жағымды әдетке айналды.

Шындығында, әйел - отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек. Осындайда Мемлекет басшысының: «Әйел шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады», - деген сөзі еске оралады.

Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын-қыстау жылдарында елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде.

Айта кетерлігі, Тәуелсіздік алған күннен бері Қазақстанда мақсатты түрде гендерлік саясат сауатты жүзеге асырылып келеді. Мұның арқасында әйелдерге өздерінің кәсіби және шығармашылық әлеуеттерін жүзеге асыратындай толық мүмкіндіктерге жол ашылды. Дәл осы бағыттағы мемлекеттік саясатқа Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ұдайы мән беріп, ана мен баланың әлеуметтік қорғалуына, отбасы құндылықтарының бірінші кезекте қаралуын назарға алып, осы мәселелерді ұдайы қолдап келеді. Бұған Мемлекет басшысының еліміздегі түрлі салаларда абыройлы қызметімен көзге түсіп жүрген нәзік жандыларды құттықтауы да дәлел. Елбасының 8 наурыз қарсаңындағы дәстүрге айналған «Көктем шуағы» атты салтанатты қабылдауында Қазақстандағы әртүрлі мамандық иелері - сала басшылары, әскери қызметкерлер, бизнесмендер, дәрігер, мұғалімдер, мәдениет қайраткерлері болды.

Осы кездесу барысында Мемлекет басшысы мынадай мәліметтерді келтірген еді: Қазақстанда әйел азаматшалардың саны тоғыз миллионнан асады. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі қызметкерлердің басым бөлігін, жартысынан астамын әйелдер құрайды. Ден­саулық сақтау саласында олардың үлесі 75 пайызға, білім беру саласында 65 пайызға дейін жетеді. Бизнестегі басшы­лардың да 40 пайызы - нәзік жанды арулар.

Расында, әйелдер қауымы елдік дамуда үлкен рөл атқарып келеді. Соңғы уақытта Елбасы айқындаған саясат нәтижесінде еліміздің экономикасын арттырудағы әйелдердің үлесі де белсенді бола түскен. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда елімізде әйел азаматшалар басқаратын әрі белсенді қызмет етіп жатқан 640,5 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген екен. Олардың ішінде 542,9 мыңы - жеке кәсіпкерлер. Сонымен қатар, әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілер саны 41,5 пайызды құрап отыр. Мәліметтерге сүйенсек, әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілері негізінен жаппай және бөлшек сауда саласында қызмет етеді және олардың үлесі бұндай кәсіпорындардың жалпы санының 51 пайызын құрап отыр. Бұдан кейінгі кезекте ауыл шаруашылығында (15,5 пайыз), сондай ақ басқа да қызметтер, соның ішінде қонақ үй мен тамақтандыру қызметі саласында (13 пайыз) әйелдер бизнесінің белсенділігі артқан. Әйел азаматшалар басқаратын шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі бойынша белсенділік еліміздің он үш өңірінде байқалған. Соның ішінде, белсенді қызмет етіп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр, ондағы көрсеткіш 48,2 пайызды құрайды. Бұдан кейінгі орындарда Қарағанды облысы - жалпы шағын және орта кәсіпкерлік санының 47,7 пайызы және Павлодар облысы 46,1 пайызын құраған.

Бұдан бөлек, соңғы 7 жылда кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы әйел-кәсіпкерлердің 5 203 жобасы қаржыландырылған. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда нәзікжандыларды кәсіпкерлік қызметке тарту мәселесі өзекті бола түсіп, Мемлекет басшысы бұған ерекше назар аудартқан болатын. Осыған байланысты «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» арқылы әйел кәсіпкерлерді шағын несиемен қолдау бағдарламасы жүзеге асып келеді. Ал «Бизнестің жол картасы 2020» аясында әйел кәсіпкерлерге қатысты 1103 жобаның ставкаларын субсидиялау жүзеге асқан, бұл жалпы субсидияланған жобалардың 34 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, «Даму» қоры тарапынан әйел кәсіпкерлерге несие бойынша 239 кепілдеме берілген, бұл жалпы кепілдік берілген кредиттердің 23 пайызына тең. Бүгінгі таңда «Даму» қорының оқыту жобалары аясында 124 мыңнан астам адам білімін жетілдірсе, соның 43 пайызы әйелдер. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту орталықтарында бүгінгі таңда 131 мың адам жедел консультациялық қолдаулар алған. Ал осының 44 пайызын әйелдер құрап отыр.

Осы айтылғандардың барлығынан да жоғары міндет - ана ретінде дүниеге бала әкеліп, ұрпақ тәрбиелеу міндеті. Яғни, әйелдердің еліміздің ең өзекті мәселесі - демографияны көтеруге де қосып жатқан үлесі зор. Айталық, Қазақстанда аналар тәуелсіздік жылдарында жеті миллионға жуық баланы өмірге әкелді. Бір ғана былтырғы жылы Қазақстанда 400 мың сәби дүниеге келген. Елбасының айтуынша, бұл тұтастай бір Тараз қаласының тұрғындарының санымен бірдей. «Жыл сайын бізде тұтастай бір қала халқының тұрғындары өмірге келіп жатыр деген сөз. Ал күн сайын мың сәби Қазақстанда дүниеге келеді. Міне, біз сіздермен кездесіп отырған қырық минут ішінде төрт бала елімізде дүниеге есігін ашты деген сөз. Бұл - Қазақстанның болашағы. Сондықтан да бүкіл мемлекеттік саясаттың өзегі, атқарып жатқанымыздың барлығы әйелдер үшін, Сіздер үшін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, 2003 жылы елімізде жаңа жәрдемақы жүйесімен төлем енгізіле басталған кезде төрт баласы бар отбасылардың үлесі жеті пайызды құраған болатын. Қазіргі таңда отбасында төрт баласы барлардың саны 18 пайыздан асыпты. Сондықтан да, мұндай жәрдемақыны Қазақстан бойынша 250 мыңнан астам ана алады.

Шындығында, Елбасы айқындаған мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі әйелдердің әл-ауқатын жақсартумен негізделеді. Ақордадағы кездесу барысында Президент Н. Назарбаев осы жағына да назар аударды. «Тәуелсіздік жылдарын­да біз көп нәрсені еңсердік. Қазір елімізде береке мен тыныштық орнады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» және басқа бағдарламалар осыны көздейді. Әйелдер отбасын сақтаушы ретінде бақ-берекені ең алдымен балаларынан, дастарқанынан сезінеді, сол арқылы мемлекеттің қам­қорлығын сезінеді», - деді Қазақстан Президенті.

Түйіндей айтқанда, әйел қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тәуелсіздік жыл­дарында тыныштық пен тұрақ­ты­лықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болған болса, ендігі күні де елдік саясаттың осы бағытында мемлекет те нәзікжандылардан ұдайы қолдауға сүйенеді. Өйткені, Елбасы айтпақшы, ел болашағының барлығы, тыныштық пен тұрақтылық саясатының өзегі де әйел азаматтарының қолынан өтеді.

Соңғы жаңалықтар