Әйел мерейі асқақтады - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Көкшетау» мәдениет сарайында 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесіне орай облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандыларға құрмет көрсетілді.

Шұғылалы көктемнің осы бір мейрамында сахна төрінен шырқалатын ән де, нәзік жандыларға ұсынылатын құшақ толы гүлдер де, ізгі ниетті жылы лебіздер де әйел бейнесін, оның көркемдігі мен әсемдігін әспеттейді. Бір қолымен бесіктегі сәбиін әлдилеп, бір қолымен әлемді тербейтін нәзік жандылардың салтанатты жиыны бүгінде қоғам өмірінде ерінбей еңбек етіп, салмақты үлес қосып жүрген әйел атаулыларға арналған бейнефильмді тамашалаумен басталды.

Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған деген даналық сөз бар. Расында, адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қашан да тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы. Сондықтан да, асыл аналарымыз бен қаракөз қарындастарымыздың орны ерекше. Бүгінде әйел-аналардың алдында бас иеміз. Бүгінде облысымызда 8 мыңнан астам көпбалалы ана тұрып жатыр. Олардың 3 123-і «Алтын алқа», 4190-ы «Күміс алқамен» марапатталған, дей келе облыс әкімінің бірінші орынбасары Рашит Әкімов барша әйелдер қауымын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.

Салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Алтын алқамен» марапатталған көкшетаулық көп балалы ана Құралай Богумбаева, Еңбекшілдер ауданынан Ләйлә Ыдырысова, қорғалжындық Анар Қалиева және «Күміс алқамен» марапатталған Бақыт Әлібаева, Сандуғаш Жамантаева, Захиабай Аманхан, Гүлнар Махметоваларға ерекше ілтипат көрсетілді.

Облыста ер адамдармен қатарласып, саяси-қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, еліміздің дамуы үшін аянбай тер төгіп жүрген нәзік жанды арулардың саны арта түсуде. Мәселен, облыста мәслихат депутаттарының 59-ы - әйелдер. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің арасында басшылық лауазымында 19 әйел азамат абыроймен қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ, облыста жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнестің 33 нысанында 119 адам қызмет атқарса, оның алпыс пайызын әйелдер қауымы құрап отыр.

Бұл ретте Ақмола облысының сот және әлеуметтік-экономикалық салаларында қажырлы еңбек етіп жүрген әйелдер, атап айтар болсақ, облыстық соттың судьялары Сәуле Сақтағанова мен Ғайша Сыздықова облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталса, әр түрлі саланы меңгеріп, еңбек жолдарын абыроймен атқарып жүрген отызға жуық қыз-келіншек пен әйелдер алғыс хаттарға ие болды. Олардың ішінде Ақмола облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының инвестициялық саясат бөлімінің басшысы Жанар Азнабаева, Астрахан ауданы әкімшілігінің қаржы және экономика бөлімінің басшысы Ғалия Шонабаева, Есіл ауданының «Эйгерт» ЖК басшысы Светлана Эйгерт, Сандықтау аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айгүл Оразалинова, Көкшетау қаласындағы тарих мұражайының директоры Ботагөз Ғабдуллина және тағы басқалары бар.

Мерекелік кеш соңы әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашылған концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар