Айдын Бикебаев: Жеке детективтер туралы заң қабылдау керек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеке детективтер туралы заң қабылдау керек. Мұндай пікірді Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болашақта жеке детективтер туралы заң қабылдау керек. Өйткені адвокат өз жүріп, барлығын тексере алмайды. Ол детективтерді жалдап, ақшасын төлеп, сондай жұмыстарды істетуі қажет. Бірақ, оның қарапайым халыққа көмегі тимеуі мүмкін. Өйткені барлығы ақша ғой. Менің ойымша, сот процесіндегі тепе-теңдікті нақты белгілеу керек. Адвокаттың мәртебесін арттырып, кепілдіктер беру қажет. Себебі адвокаттарға қысым көрсетілуі мүмкін», - деді ол Бас прокуратурада өткен Мемлекеттік айыптаушылар форумы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, адвокаттар бір заң бұзушылық жасаса, онда ол лицензиясынан айырылады. Елімізде мұндай жағдайлар да орын алған.

«Қазір Әділет министрлігімен бір келісімге келіп жатырмыз. Олар сотқа шағымданудың алдында біздің өзіміздің тәртіптік комиссияға арыз түсіру керек. Тәртіптік комиссия қатарымыздан кімді шығаратындығымызды, кімді қалдыратындығымызды шешуі тиіс. Былтыр өзіміздің тәртіптік комиссияның шешімімен 22 адвокат қатарымыздан шығарылды. Ал Әділет министрлігінің статистикасын білмеймін», - деді Айдын Бикебаев.


Соңғы жаңалықтар