Айдын Айымбетов «Алматы облысының Құрметті азаматы» атанды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов 65 адамға мемлекеттік награда және 7 адамға «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын барысында өңірдегі өнеркәсіп, аграрлық сала, денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, спорт және әлеуметтік қызмет көрсету салаларының үздік мамандарына ұзақ жылғы еңбегі мен жемісті қызметі үшін «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы, «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында белгілі меценат Бауыржан Оспанов «Парасат» орденімен, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиев «Құрмет» орденімен марапатталса, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген Елдос Баялышбаев «Шапағат» медалін иеленді. Ал Жетісу жерінің тумасы, үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов «Алматы облысының Құрметті азаматы» атанды.

Награда алғандар атынан «Нүсіпов және К» ЖШС директоры Қанатхан Нүсіпов пен «Сұңқар Алматы» құс фабрикасының бас директоры Дмитрий Чалых сөз сөйлеп, өз құттықтауларын жеткізді. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар