Айдос Үкібай – Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі, қабылданатын шешімдер мен нақты қатерлер жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Тұңғыш Президент коронавирус пандемиясына байланысты оқиғалардың қалай өрбуі мүмкін екеніне қатысты болжамымен бөлісіп, жұмыстың стратегиялық бағыттарын айқындады. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» ХАА тарапынан Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайға Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатысты бірнеше сұрақ жолданған болатын.

- Айдос Ыдырысұлы, елде төтенше жағдай жарияланғалы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы тек өткен аптаның соңында ғана өтті. Осы уақыт аралығында Кеңес қандай жұмыстарды атқарды?

- Ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі туралы айта кетейін. Ол – ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, конституциялық құрылым мен мемлекеттік тәуелсіздікті қорғау мақсатында ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілеті саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізетін үйлестіруші орган.

Коронавирусқа қарсы күрес мәселелерін Қауіпсіздік Кеңесі инфекция алғаш таралған Қытай аумағынан әлемдік деңгейге шықпай тұрып-ақ, ақпан айында қарастырған болатын. Елді пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайына дайындау шараларын қабылдауға қатысты Үкіметке кеңес берілді. Бұл бағыттағы жұмыс мәселеге уақтылы маңыз беріп, жағымсыз салдарды азайтуға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Үкіметпен бірге ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына белсенді түрде тікелей қатысып келеді. Бұл комиссияның жұмысы аясында төтенше жағдай режимі кезінде заңдылықтың сақталуы, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше бақылауына алынып отыр.

Сонымен қатар заңдылықтың сақталуы, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау, әскери органдардың және медицина мекемелерінің жұмысын ұйымдастыру да – Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты қызметінің ажырамас бір бөлігі.

Өзіңіз білетіндей, 24 сәуір күні Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда коронавирус эпидемиясымен күресудің, экономиканы қалпына келтіру мен елді дағдарыстан кейін дамытудың стратегиялық мәселелері қарастырылған еді.

Отырыс барысында Елбасы дағдарыстан кейінгі құрылым моделі туралы қазірдің өзінде ойлану керектігін айтып, әлеуметтік-экономикалық даму жолында қалыптан тыс амалдар мен дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру қажеттігінің маңызын атап өтті.

Отырыстың қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Шешімімен Үкіметке Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының мақұлдауымен экономикалық өсімді қалпына келтіру, біздің негізгі салаларымыздың, болашақ экономикасының, қалалар мен ауылдарды, әлеуметтік сала мен қаржы жүйесін дамытудың бағыт-бағдарын айқындаудың Кешенді жоспарын дайындау міндеті жүктелді.

- Яғни, сонда бүгінгі таңда Қауіпсіздік Кеңесі өкілеттігі шексіз «супер-мемлекеттік орган» болып отыр ма?

- Мен бүгін бұл «аңызды» жоққа шығарайын деп отырмын. Бұл сұрақ қоғам тарапынан бұрыннан қойылып келе жатыр. Сондықтан осы жайтты түсіндіре кетейін. Бірінші, Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесінен бастасақ. «ҚР Қауіпсіздік Кеңесі туралы» Заңға сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі - Президент құрған және ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілеттін қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты үйлестіретін конституциялық орган. Оның жұмысының стратегиялық сипатын және Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше мәртебесін айта отырып, оған мүше лауазымды құрамға назарыңызды аудартсам деймін.

Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына лауазымы бойынша: Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып табылатын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚР Президенті, Парламент Сенаты мен Мәжіліс Төрағалары, Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, сондай-ақ Қорғаныс, Ішкі істер және Сыртқы істер министрлері кіреді.

Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің осынау жоғары лауазымдық деңгейі, сонымен қатар берілетін қарапайым дауыс бойынша ұлттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша шешім қабылдауы

    оның жұмысының шоғырландырылған сипатын айқын көрсетеді
.

Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс органы - ауқымды әрі көзге көріне бермейтін қоғамдық жұмысты атқарып отырған Аппарат болып саналады. Оның негізгі міндеті - Қауіпсіздік Кеңесінің, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президентінің жұмысы ақпараттық-аналитикалық және ұйымдастырушылық тұрғыда қамтамасыз ету. Аппарат сондай-ақ ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қауіптерін анықтап, оларды ескерту және бейтараптандыру бойынша шараларды әзірлеу міндеттерін атқарады. Бұл қауіпсіздік аспектілеріне қарамастан бәріне де қатысты.

- Басқаша айтқанда, Қауіпсіздік Кеңесі дегеніміз қауіпсіздік саласында Президентке кеңес дайындайтын «ақыл орталығы» іспеттес орган дегеніңіз ғой...

- Иә, белгілі бір дәрежеде бұл тұжырымыңызбен келісуге де болады. Алайда ол да органның толыққанды міндеттерін ашып бере алмайды. Қауіпсіздік Кеңесі ұлттық қауіпсіздік пен елдің халықаралық позициясы, мемлекеттік қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтың қорғалуын сақтау саласындағы шараларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіріп отырады. Тағы бір мәрте айта кететін мәселе, Қауіпсіздік Кеңесінде шешімдердің бәрі де ұжымдық тұрғыда қабылданады.

Қауіпсіздік Кеңесі

    елдің стратегиялық бағыттағы жұмысы бойынша мемлекеттің бірінші тұлғаларының бірлесе шешім қабылдау Орталығы
іспетті.

- Жақсы. Әйтсе де егер Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіруші конституциялық орган болып отырса, онда неліктен оның жұмысы күні бүгінге дейін қоғамға жабық күйде қалып отыр?

- Қауіпсіздік Кеңесінің «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін бекемдеу, заңдылық пен құқықтың қорғалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарастыру және оның жүзеге асырылуын бағалау» секілді көптеген міндетінің бірі – оның қызметі рұқсатнаманың шектеулі формалы жұмысы мен құжаттары арқылы жүргізілетінін білдіреді.

Әлбетте бұл жағдай Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарына толығымен ашып, жұмыс нәтижесін жариялауға рұқсат бермейді. Бәлкім, ашық жарияланымда, сондай-ақ БАҚ-та Қауіпсіздік Кеңесінің нақты жұмыс нәтижесі туралы мәліметтердің болмауының басты себебі осы болса керек.

Әйтсе де құқық қорғау, әскери және арнайы мемлекеттік органдардың тиімді жұмысы, олардың ел билігінің міндеттері мен тапсырмаларын мүлтіксіз орындауы – бәрі де Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Президент Әкімішілігі мен Үкіметпен бірлесе атқарған жатық әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі. Бұл – әртүрлі комиссия арқылы, бірлескен бұйрықтардан тұратын, әрдайым қызмет бабында байланысып, басқа форматтарда да өзара ықпалдаса жүргізілетін ауқымды жұмыс.

- Біздің кейбір оқырман Елбасының ел саясатына араласпайтынына әлі де күмәнмен қарайды. Бәлкім, олар Нұрсұлтан Әбішұлының Қауіпсіздік Кеңесінің басшылығында ғана емес, биліктің өзге де институттарының жетекшілігінде қалғанын келтіре отырып, осындай тұжырым жасайтын секілді. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

- Өзіңіз дұрыс атап өткендей, Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясына жетекшілік етіп отыр. Әлбетте осыған байланысты ол елдің саяси өміріне белсенді түрде атсалысып, Мемлекет Басшысымен бірге елді стратегиялық тұрғыда дамыту жұмыстарымен айналысады.

Алайда түпкілікті шешімді ел Президенті қабылдайды. Қауіпсіздік Кеңесі де өз кеңесін дайындап, Мемлекет басшысына енгізеді.

Бірде шетелдік сарапшылардың бірі маған «Назарбаев» тегі мен «Қазақстан» атауы ажырамас ұғым екенін айтқан еді. Сіздің сұрағыңызға жауап бере келе, Тұңғыш Президенттің есімі Қазақстанның өткенімен, қазіргі күні және болашағымен ажырамас сипатта байланысты дер едім. Бұл аксиома. Елбасы өз Отанының қалыптасып, дамуына бүкіл ғұмырын арнаған адам ретінде Қазақстанның гүлденуіне, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ары қарай да үлесін қоса береді. Лауазымы мен мәртебесіне қарамастан жұмысын жалғастырады.

Нұрсұлтан Назарбаев кейде өзінен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, министрлер мен әкімдердің кеңес сұрайтынын жасырмайды. Кейбір жеке мәселелер бойынша Елбасы мемлекеттік органдардың басшыларына өзі қоңырау шалып, солар басқаратын саладағы немесе аймақтағы жағдайды біледі. Мәселен Нұрсұлтан Назарбаев жақында бірнеше сағат бойы облыс әкімдерімен сөйлескен болатын.

- Иә, сол әкімдермен телефон арқылы әңгімелесудегі мақсат қандай болды?

- Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі халықтың көңіл күйін білгісі келді, төтенше жағдай кезеңінде жұмыс орындарын сақтау және жұртшылықтың әлеуметтік тобына қолдауды күшейту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент волонтерлер мен партия мүшелерінің жұмысы туралы сұрады, олардың денсаулығына қатысты өзінің алаңдаушылығын да білдірді. Өйткені сол күндері вирус жұқтыру қаупі өршіп тұрғанына қарамастан көптеген волонтерлер мен партия өкілдері мұқтаж жандарға азық-түлік пен қажетті заттарды өз қолдарымен таратты ғой.

Бұдан бөлек, телефонмен әңгіме барысында Тұңғыш Президент пандемиямен күресіп жатқан әкімдерге, тұтастай активке қолдау білдіргісі келген болатын. Барлық әкімдер Елбасымен әңгімеден кейін сол үлкен қолдауды сезді де. Расында күрмеуі қиын сәттерде қарапайым сөздерімен дем беріп отырудың өзі адамның «екінші тынысын ашып», жұмысқа шабыттандырады, үлкен істерге белін бекем бууға ынталандырады. Нұрсұлтан Әбішұлы да мұны жақсы біледі.

- Рас, қазір рухани демеу аса маңызды. Осыған келетін әскерилерде бір афоризм бар еді: «Ұрыс материалдық күш пен құралдың түгелісуінен емес, қайсыбір тараптың бас тартуынан тоқтайды» деген. «ҚазАқпарат» редакциясы Сізге уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтады.

Телефон арқылы әңгімелескен «ҚазАқпарат» ХАА бас редакторының орынбасары Қанат Тоқабаев.


Соңғы жаңалықтар