Айдос Сарым: Жұртшылыққа дұрыс нарықтық көзқарастарды насихаттау керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі қоғам ішіндегі «бай жаман, байлық жаман» деген таптаурын түсініктерді «сындырып», дұрыс либералдық, дұрыс нарықтық көзқарастарды насихаттау керек. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Пікірталас клубының бүгінгі отырысында белгілі саясаттанушы Айдос Сарым осындай пікір білдірді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы бір 20 жылды алатын болсақ, қазақ әдебиетінде бизнеске қатысты қандай повесть немесе роман оқыдыңыздар? Біздің жазушылардың бизнесмендерді жағалап жүріп, демеуші іздейтіні рас. Бірақ, бизнесті бизнес ретінде қазақтың ішінде насихаттаған бір үлкен өнім жоқ. Мен кезінде большевиктердің мемлекеттік тапсырыс бойынша жазған «Магнит коды» туралы жаз немесе басқасы дегенді айтпай-ақ қояйын. Бірақ, осыны бір феномен ретінде ашқан, менің ойымша, үлкен туынды жоқ сияқты», - дейді Айдос Сарым.

Саясаттанушының айтуынша, жазушы корпусы негізінен кеңес заманында дүниеге келгендіктен, оның негізіг құндылықтары - большевиктік, кеңестік, солшыл көзқарастарға жақын сияқты.

«Бізде байлықтың қасында негативті коннотация көп. Бизнесмен деген шын мәнінде өзінің өмірі мен тағдырын қолына алған адам ғана емес, ол бірдеңені ұрлап алған, ауырдың үстімен, оңайдың астымен жүрген адам деген секілді солақай пікірлер көп. Соңғы сауалнамаларды қарайық: мысалы тоқсаныншы жылдардың басында жастарымыздың басым көпшілігі бизнесмен, қаржыгер, банкир боламын десе, бүгінгі жастардың талап-тілектері мемлекеттік қызмет пен күштік құрылымдардан аспайтын сияқты. Яғни, мемлекеттік күшті пайдалану арқылы бизнес жасау керек деп ойлайды. Оған да негіз бар. Себебі, жастар ақымақ емес. Өмірдің шындығын көріп жүр», - дейді ол.

Айдос Сарымның сөзіне сәйкес, кеңес заманынан келе жатқан «бай жаман, байлық жаман» деген таптаурын түсініктерді «сындыру» керек.

«Біздің жазушылар корпорациясы сол солшыл көзқарастарды әл күнге дейін жалғастыратын тап болып келеді. Өйткені, біздің классик жазушыларымыз бүгінге дейін сұхбат беріп отырып, «нарық заманы - иттің заманы» деген секілді ой айтады. Рас қой. Яғни, менің нақты ұсынысым - «Атамекенге» (ҰКП - авт.) немесе ірі кәсіпкерлерге жалпы қазақ ішіндегі дұрыс либералдық, дұрыс нарықтық көзқарастарды насихаттап, соның әдеби нұсқасын беруі керек», - дейді Айдос Сарым.

Еске сала кетсек, аталған отырыста ауыл тұрғындарына кәсіп ашуда қолданылатын терминдер мен тіркестерді түсіндіруге арналған «Кәсіпкерлер сөздігі» таныстырылған болатын. Аталған оқулықты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірлесіп шығарып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар