Айдос Сарым: Жергілікті билікке сөзі өтпейтін мәслихаттың бары жасырын емес

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Nur Otan партиясының съезінде Мемлекет басшысы көтерген жайттар мен партия қызметін одан әрі жетілдіре түсуге қатысты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым пікірін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар оқиғасынан кейін Nur Otan партиясының қызметін қайта қарау маңызды болып отыр. Соңғы уақытта елімізде нақты реформа жүргізуден гөрі, ауызбен реформалағыштар көбейіп кетті. Қарап отырсаң, жабу керек, құрту керек, тарату керек деп жатады. Бірақ кез келген мекемені жауып, ұжымды таратпас бұрын оның орнына кім келеді және қандай нәтиже бермек деген жағын ойлану қажет. Осы тұрғыда Президент бүгін нақты әрі салмақты шешімдер ұсынды. Ішінде сын да бар. Түпкі мақсат – елдің қамы, халықтың жағдайын жасау. Әрине, біздің елге саяси реформа керек», - деді Айдос Сарым «ҚазАқпарат» тілшісімен ұялы телефон арқылы сөйлесу барысында.

Халық қалаулысының айтуынша, мемлекеттік реформаны жүзеге асыруда байыптылық танытқан абзал.

«Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың Президентке деген сенімі еселене түсті. Өзгерісті бәрі күтіп отыр. Оның айтуынша, партия болсын, басқасы болсын халыққа қызмет ету керек. Бұл тек Nur Otan-ға қатысты емес. Осы орайда Президент туралы заңға өзгеріс енгізу керек те шығар. Біз білетіндей, Мемлекет басшысы қашан да өз атынан немесе халық атынан сөйлейді. Осы тұста Президент және Nur Otan партиясының басшысы лауазымының аражігін ашу керек секілді. Өз басым 4 бірдей партияның құрылуына қатысқан адаммын. Кез келген партияны құру 6 айға дейінгі уақытты алады. Бұл оңай шаруа емес», - дейді ол.

Сондай-ақ депутат өңірлік мәслихаттардың жұмысын жандандыру керектігін алға тартты.

«Жергілікті маңызды шешімдерді қабылдауда облыстық, аудандық мәслихаттың рөлі басым. Солардың жұмысын оңтайландыру қажет. Әрине, кейбір өңірде мәслихаттың жұмысы қызу жүріп жатыр, дегенмен баяу аймақтар да бар. Жергілікті билікке сөзі өтпейтін мәслихаттың бары жасырын емес. Жағдай әр жерде әртүрлі. Әңгіме барысында айта кетейін. Біз алдағы уақытта депутаттық сауалға қағазбен ғана емес құзырлы орган басшысы не өкілі келіп, тікелей өзі жауап беруін талап еткіміз келеді. Өйткені хатпен жауап беру мен депуттардың алдына келіп жауап берудің жөні бөлек. Сонда формалды жауап беру болмайды», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар