Айдос Сарым: Ірі әлеуметтік желілер әкімшілігі кибербуллинг мәселесіне түсіністікпен қарайды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым қоғамда соңғы уақытта қызу талқыланып жатқан кибербуллинг тақырыбына қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз барлық ірі әлеуметтік желілер өз филиалдарын Қазақстанда міндетті түрде тіркеуі, ресми өкілі мен кеңсесінің болуы туралы біршама қатаң талап қойдық. Осыдан кейін заң жобасының және тұтастай алғанда қоғамда не болып жатқанын түсінудің эволюциясы артты. Біріншіден, Үкімет әлеуметтік желі нарығындағы ірі ойыншылармен бірнеше маңызды келіссөз жүргізді. Мен өзім сол келіссөздердің кейбіріне қатыстым. Менің ойымша, ірі техногиганттар мәселенің мән-жайын түсініп отыр. Олар енгізілгелі отырған норма үшін алаңдап отырған жоқ», - деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, әлемдік деңгейдегі ірі әлеуметтік желілер әкімшілігі кибербуллинг мәселесіне түсіністікпен қарайды.

«Керісінше біздің алаңдаушылығымызды түсініп, ынтымақтасып әрекет етуге дайын екендіктерін жеткізді. Ұлттық заңнама талаптарында балалар тағдыры мен кибербуллинг мәселесі ғана көтерілмеген. Заңнама ішіне лаңкестік, экстремизм, есірткімен күрес, педофилия және тағыс басқа мәселелер кіреді. Ал жоғарыда аталған мәселелермен күрес талаптары әлеуметтік платформалардың ережелеріне сәйкес келеді», - дейді ол.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Қазақстанның құзырлы органдары мен интернет-платформалар өкілдері арасында тұрақты диалогтың болуы керектігін атап өтті. Сол сияқты Үкімет жарты жылдың ішінде өзара іс-қимыл тетіктерін реттеуі тиіс.

Одан бөлек, Айдос Сарымның пікірінше, елімізде қандай да бір әлеуметтік желіні бұғаттау туралы жоспар болған емес.


Соңғы жаңалықтар