Айдос Ербосынұлы жеңіліп көрмеген ганалық боксшымен жұдырықтасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Екінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы (14-0-0,9КО) келесі жекпе-жегін тәуелсіздік күні ел астанасы - Нұр-Сұлтан қаласында өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

BoxRec порталындағы ақпаратқа сәйкес, Ербосынұлы 16 желтоқсан күні жеңіліп көрмеген ганалық боксшы Исса Самирмен (19-0-0,16КО) кездесуін өткізіп, WBC Asia, WBAInternational және WBO Global титулын қорғайды.

Айта кетейік, «SuleimenPromotions» промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отырған бокс кеші елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Ербосынұлы-Самир айқасы - осы бокс кешінің басты жекпе-жегі болмақ. Сондай-ақ, Бек Нұрмағанбет (2-0-0,1 КО), Евгений Павлов (2-0-0,2 КО), Бекзат Нұрдәулетов (1-0-0,1 КО) және Данила Семенов (1-0-0,1 КО) сынды қазақстандық боксшылар да шаршы алаңға шығады.

Еске сала кетейік, Айдос Ербосынұлы соңғы рет Минскіде шаршы алаңға шығып, германиялық боксшы Нуху Лавальды (27-8-0,15 КО) төрешілер шешімімен жеңген болатын.


Соңғы жаңалықтар