«Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аяқталды
2022 жылғы 25 маусым 17:53

«Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аяқталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысындағы полигонда балалар жылына және Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған «Айбын» республикалық жиынының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен бүгінде қазақстандық жастарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жарысқа белсенді түрде қатысып, әскери іспен айналысуды құптадыңдар. Өздеріңнің жетістіктеріңді, білімдерің мен дағдыларыңды көрсеттіңдер, жаңа достар таптыңдар. Төзімділік сыналды», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов жиынға қатысушыларға.

Жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әскери-патриоттық клубтарының, Қарулы күштердің, басқа да әскер мен әскери құралымдардының әскери колледждерінің, мектеп-интернаттарының, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 600-ге жуық жасөспірімі қатысты. Тартысты, табанды күресте барлық өңірден келген ұл-қыздар зияткерлік және шығармашылық байқауларда, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өткен жарыстарда бағын сынады.

Олардың жетістіктеріне қуанып, жарыстың аяқталуымен құттықтауға Спасскіге Халық қаһарманы, Ауған соғысының ардагері генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, генерал-майор Әлихан Жарболов, контр-адмирал Ратмир Комратов, генерал-майор Мұқан Дүйсекеев, авиация генерал-майоры Алсай Жұманов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов барды.

«Сапта тұрған әрқайсың ынтамен білім алып, үздіксіз ізденіп, өздеріңді дамытумен айналысатын болсаңдар, міндетті түрде мақсаттарыңа жететіндеріңе сенемін», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде.

Сонымен, қорытынды мынадай:

ҰҚК Шекара қызметінің «Сұңқар» әскери-патриоттық клубынан Дарья Токарева «Жас сарбаз – жас тілші», Жетісу облысының «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубынан Серікжан Бақтыбай «Үздік жас сарбаз» атанды.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар арасында І орынды Жетісу облысының «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы, II орынды Түркістан облысының «Арыс» әскери-патриоттық клубы, III орынды Ақмола облысының «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы олжалады.

Қарулы күштер, басқа да әскер мен әскери құралымдар әскери-патриоттық клубтарының жарыстарында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы «Болашақ» әскери-патриоттық клубының командасы жеңіске жетті. ІІ орынды Құрлық әскерлерінің «Жас байланысшы» әскери-патриоттық клубы алды. Әскери полиция бас басқармасының «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына III орын бұйырды.

«Жас ұлан» республикалық мектептері мен облыстық әскери мектеп-интернаттары арасында I орынды Сағадат Нұрмағамбетов атындағы елордалық әскери колледждің командасы жеңіп алды. II орынды шымкенттік Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі, III орынды Семейдегі Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы мектеп-лицей-интернаты иеленді.

«Айбын» республикалық жастар жиынының бас жүлдесін Жетісу облысынан келген «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы еншіледі.



Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT