Айбек Смадияров Ауғанстандағы қандастарды елге әкелу жұмысы туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ауғанстандағы қандастарды елге әкелу жұмысы қандай сатыда тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір бүкіл дүниежүзі Ауғанстандағы жағдайды бақылап отыр. Сондықтан, нақты осындай келіссөздер болады, осындай шешімдер болады деп айта алмаймыз. Әрине, Президенттің тапсырмасы бойынша біздің елшілік қандастармен байланыста отыр. Бүкіл ақпарат тексеріліп жатыр. Мұндай кездерде неше түрлі тексерілмеген ақпарат көп болады. Сондықтан кішкене шыдамды болу керек. Бұл бір күндік жұмыс емес. Тәліптер бола ма, басқалар бола ма, қандай үкімет келеді, сол үкіметпен бұл мәселе бойынша кейін келісөздер жүргіземіз», - деді СІМ өкілі.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин тәліптермен дипломатиялық байланыс орнату мүмкіндігі туралы пікір білдірген болатын.

«Елшіліктің ақпараты бойынша, талибандықтар Кабулға кірген кезде бір бөлігі біздің елшілік орналасқан аумақты басып алған. Бұл кезде полиция Кабулды тастап шыққан болатын. Біздің елші сыртқа шығып, талибан өкілдерімен сөйлескен. Олар елшіден кім екенін сұраған. Ол бұл мекеме Қазақстан Елшілігі екенін айтқан. «Ештеңеден қорықпаңыздар. Бұрын қалай жұмыс істесеңіздер, солай жұмыс істей беріңіздер. Сіздерді біз күзетіміз», - деген екен. Содан бері біздің елшілік солардың күзетінде. Әзірге байланыс осындай деңгейде ғана», - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар