Айбек Смадияров: АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен белсенді ынтымақтастығы жалғасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен жақында телефон арқылы сөйлескеніне қатысты тілші сауалына жауап берді. Сонымен қатар, блиц-сұқбатта жақында өткен С5+1 министрлік кездесуінің негізгі нәтижелері туралы айтылды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э. Блинкенмен жақында телефон арқылы сөйлесуінің нәтижелері қандай? Толығырақ айта аласыз ба?

Қазақстан мен АҚШ арасында кең ауқымды мәселелер бойынша көпжоспарлы өзара іс-қимылмен сипатталатын кеңейтілген стратегиялық әріптестік дамып келеді. Биыл біз дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз.

Америка Құрама Штаттары Қазақстанның стратегиялық серіктесі бола отырып, коронавирус індетімен күрес аясында елімізге 6,2 млн. доллардан астам сомаға гуманитарлық көмек көрсеткен алғашқы елдердің қатарында.

АҚШ еліміздің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныды, екінші ірі инвестор. Қазақстан өз экономикасында америкалық бизнестің ұзақ мерзімді болуына мүдделі. Қазіргі уақытта елде америкалық капиталдың қатысуымен 500-ден астам компания жұмыс істейді. Энергетика, ауыл шаруашылығы, аэроғарыш өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық белсенді дамуда.

ҚР мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті ескере отырып, екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары тұрақты байланыс орнатқаны әбден орынды. Мәселен, жақында болған телефон арқылы сөйлесу барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкен екіжақты және жаһандық ынтымақтастықтың бірқатар өзекті мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестікті, оның ішінде жоғары деңгейде саяси диалогты қолдау арқылы тереңдетуге бейілділігін растады.

Екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың бірлескен іс-шараларын өткізудің маңыздылығын атап өтіп, оларды дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын мерекелеу жылында іске асыру жөніндегі жоспарларды белгіледі. Басым бағыттар ретінде климаттың өзгеруіне қарсы күрес, тиімді мемлекеттік басқаруды дамыту, аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту, американдық әскерлерді алдағы уақытта Ауғанстаннан шығару контекстінде Осы елдің дамуына ықпал ету бойынша өзара іс-қимыл анықталды.

Қазақстанның жалпы дамуын құптай отырып, АҚШ Мемлекеттік хатшысы «Америка Құрама Штаттары Президент Қ.Тоқаевтың саяси реформалар жоспарын берік қолдайтынын» атап өтті.

Екі ел үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселесінің басымдылығын ескере отырып, тараптар ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевтің Климат жөніндегі көшбасшылар саммиті (23 сәуір) аясындағы дөңгелек үстелге қатысуын және оның АҚШ Президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Дж. Керримен байланыстарын құптады.

Әңгіменің жеке тақырыбы «С5+1» диалог алаңы шеңберінде өңірлік ынтымақтастықты дамыту болды. Ол құрылғаннан бері 5 жыл ішінде Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың өзара іс-қимылының тиімді платформасына айналды. Тараптар тұрақты байланыс орнатып, өзекті мәселелерді талқылауға келісті.

Жақында өткізілген С5+1 министрлік кездесуінің негізгі нәтижелері туралы хабарлай аласыз ба?

«С5+1» форматы Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың өңірлік көпжақты тетігі. Алаңның басты мақсаты - Орталық Азияны жаһандық байланыстарды нығайтуға белсенді қатысатын тұрақты және интеграцияланған аймақ ретінде дамытуға ықпал ету.

2015 жылдан бастап алты елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. 2021 жылғы 23 сәуірде бейнеконференция форматында өткен жоғары деңгейдегі «С5+1» кездесуі осы бастама іске қосылған сәттен бастап 10-шы болды.

Қатысушылар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жолдары мен жоспарларын, сондай-ақ COVID-19 пандемиясының таралуы кезеңіндегі сын-қатерлерге ден қою жөніндегі бірлескен күш-жігерді талқылады. Тараптар Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тәсілдемелері және климаттың өзгеруі проблемалары бойынша сындарлы пікір алмасты.

Оған қоса, тараптар жаһандық сілкіністерге қарамастан, осы платформа транзит-көліктік әлеуеттін дамыту, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті нығайту үшін тиімді алаң болып қалатыны атап өтілді.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы М.Тілеуберді «Орталық Азияға американдық инвестициялар мен технологияларды тарту, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі «С5+1» диалогы шеңберіндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын» атап өтті.

«С5+1» министрлік кездесуі Дж.Байден президенттіктің алғашқы 100 күнінде өтті. Бұл Орталық Азияның АҚШ-тың жаңа Әкімшілігінің назарында екенін көрсетеді. Біздің пікірімізше, Вашингтонмен Орталық Азия елдері мен АҚШ үшін өзара қызығушылық тудыратын салалардағы белсенді ынтымақтастық жалғасатын болады.


Соңғы жаңалықтар