Аязбен арпалысқан Екібастұз: Қала тосыннан туған төтенше жағдайға қалай төтеп берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқырман назарына Екібастұздағы жылу-электр орталығындағы апат хронологиясына жасаған шолуын ұсынамыз.

27 қарашаның түнінде жергілікті жылу-электр орталығындағы апат пен жылу магистарльдерінің бүлінуінен 150 мың тұрғыны бар Екібастұз 30 гардустық аязда жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай режимі жарияланып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары 3 аптаға жуық уақыт тәулігімен жұмыс істеді. Жылудан ажырап қалған үйлерді қайтадан желіге қосу кезең-кезеңмен жүргізілді. Бүгінде мәселе шешілді: апат зардабы тиген үйлердің бәріне жылу берілді. 8 желтоқсанда төтенше жағдай режимі ресми түрде алынды. Ендігі жоспар бойынша, 15 желтоқсанға дейін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталуы керек.

Екібастұзда не болды?

27 қарашада Екібастұз жылу-электр орталығында апат болып, салдарынан 689 көпқабатты үй жылусыз қалды.

«27 қарашада сағат 01:20-да №11 қазандық агрегаты тоқтады. Сағат 01:30-да №13, 14, 15 қазандықтардың агрегаттары тоқтады. Себебі желіден көп мөлшерде су ағып кеткен еді. Қазіргі таңда №8 және №14 қазандық агрегаттары іске қосылуда. Жөндеу бригадалары жұмыс істеп жатыр. Жақын арада жылумен жабдықтау көрсеткіштері қалпына келтіріледі», - деп хабарлаған болатын сол сәтте жергілікті жылу-электр орталығының мамандары.

Қалаға ауадай қажет бұл инфрақұрылым нысанында 5 энергетикалық және 5 су жылыту қазандығы, сондай-ақ 1 бу турбинасы орнатылған.

Төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап арнайы жедел штаб құрылып, апаттың салдарын жою үшін барлық қажетті мамандар тартылды.

Фото: instagram.com/ete_ekb

Энергетика министрлігі жылу желісіндегі бірнеше қазандықтың агрегаты бір жолда тоқтап қалғанын хабарлады.

«Жылу желісіндегі ақауды жоюға жедел бригада тартылды, кварталдық желілерде 5 ақау нүктесі анықталды. Басқа да бүлінген нүктелерді іздеу жүріп жатыр», - деген болатын ведомство мамандары.

Кейін Павлодар облысының сол кездегі әкімі Әбілқайыр Сқақов қаланың жылу желісінде 10 ақау нүктесі анықталғанын мәлім етті. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына әуел бастан 15 бригада қатысты. Апаттың бетін қайтаруға 851 адам жұмылдырылған.

Фото: Константин Шелков

Қалада жедел түрде 12 жылыту бекеті ұйымдастырылды. Оның жетеуінде тұрғындардан келген шығынды өтеу туралы өтініштерді де қабылдап тұрды.

Оның үстіне Екібастұзда гуманитарлық штаб ашылды. Қазақстандықтар сол штаб арқылы жылусыз отандастарына көрпе, ток пеш, түнеме қап пен өзге де өмірге қажет бұйымдар жолдады.

Екібастұзды жылумен қамту тоқтатылған оқиғаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев асқан алаңдаушылықпен қабылдады. Мемлекет басшысы Үкімет пен Павлодар облысының әкімдігіне Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіруді және қалада қиын жағдайдың туындауына жол берген адамдарды жауапқа тартуды тапсырды.

Неге бір жолда бірнеше қазандықтың агрегаты істен шықты?

Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау, бақылау комитеті мен жергілікті әкімдік Екібастұз тұрғындарының қалалық ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысына шағымданушылардың өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрған болатын.

Арнайы комиссия 9-10 тамыз аралығында Екібастұздағы ЖЭО-ға барған да еді. Олар негізгі қондырғыны жөндеу жұмыстары мен күн суық кезде қазандықтың жоғары жүктемені көтеруге дайындығын тексерген. Комиссия мүшелері ЖЭО басшылығына жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырып кеткен.

Фото: facebook.com/pavlodarenergo

Тексеруден кейін жылу құбырларының әбден тозығы жеткенін, тозу көрсеткіші 70%-дан асатынын тіркеген.

Фото: Валерий Бугаев

«Жылу құбырының тозуы жыл сайын, әсіресе, жылыту маусымының басында жылу желісіндегі жоғары апаттың негізгі себебі болып есептеледі. Осы ескірген дүниенің бәрін жаңалауға жылу энергиясына белгіленген тарифтің төмендігі мүмкіндік бермейді. Жылу құбырының жалпы ұзындығы 342 шақырым болғанда жыл сайын шамамен 3-4 км жылу желілері ауыстырылады», - деп түсініктеме берді Энергетика министрлігі.

Фото: Константин Шелков

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа ел қалаларындағы проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарауды тапсырды.Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің басшылығымен орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеретін комиссия құруды тапсырды.

Жағдайды бақылауға алу жолында

27 қарашада Екібастұз әкімі ЖЭО-дағы жағдай тұрақтанғанын хабарлады.

«Штаттық режимде бес қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр: үш су жылыту қазандығы, екі энергетикалық қазандық. Тағы бір су жылыту қазандығын іске қосу бойынша шаралары қабылдануда. Бұл бізге бүгінгі түн ортасына дейін қажетті температура көрсеткіштерін 80%-ға және өңдеу кезінде шамамен 65%-ға шығаруға мүмкіндік береді. Осылайша жалпы қаланы тұтас жылумен жабдықтау жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік туындайды», - деді қала әкімі Аян Бейсекин.

Фото Валерия Бугаева

Сондай-ақ, ол қаладағы жылу желілерінің жағдайы қиындағанын айтқан еді. Айтуынша, қаладағы барлық проблема Екібастұз аумағында бірнеше құбырдың тесілуінен туындаған.

Соның салдарын жою үшін қалада 15-ке жуық жөндеу бригадасы құрылды. Олардың 11-і бүлінген аулаларды жоюға жұмылдырылып, қалған төртеуі жаңа ақауларды анықтаумен айналысты.

Техногендік апаттың алғашқы күндерінде үш шағын аудан әлі де жылусыз тұрған еді.

«Қазіргі таңда үш шағын аудан жылусыз қалып отыр. № 2 жылу магистралі ажыратылды. 130-ға жуық көппәтерлі тұрғын үй мен 100 жеке тұрғын үй жылусыз қалды. Бірақ біз әріптестерімізбен, тұрғын үй инспекциясымен және желіні пайдаланушы ұйымдармен бірлесіп, жүйенің түгелдей қатып қалуын болдырмаудың қамын жасап жатырмыз. Барлық қажетті іс-шаралар уақтылы жүргізілуде, түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде», - деді қала басшысы.

Фото: t.me/KZgovernment

Қалада төтенше жағдай режимі жарияланды

ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 48-бабына сәйкес Екібастұз аумағында қала әкімі Аян Бейсекин жылу желілеріндегі апатқа байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялады.

Қала әкімдігі бұл уақытша шара азаматтардың тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында ғана қолданылғанын түсіндірді.

28 қараша сағат 01:30-дағы жағдай бойынша 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысаны жылусыз болды.

Фото: t.me/KZgovernment

Әкімдік төтенше жағдай режимі аумақта жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін сақталатынын хабарлады.

Павлодар облысының әкімі әлеуметтік нысандарды аралап шығып, Балаларды қолдау орталығындағы контингентті Павлодарға эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Екібастұз қаласының қолдау орталығы мен жасөспірімдер үйінің балалары оқу-сауықтыру лагерьлеріне жіберілетіні белгілі болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр төтенше жағдай зардаптары толық жойылғанға дейін Екібастұзда қалатын болды.

Фото: t.me/KZgovernment

Жылу беру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары күндіз де, түнде де жүріп жатты. Дегенмен 4 желтоқсандағы жағдай бойынша 11 үй әлі жылусыз отырған еді. Бұл үйлердегі ақауды жою оңай болмай шықты. Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук оның себебін былай түсіндірді.

Фото: t.me/KZgovernment

«Қазіргі таңда бүкіл үйлердің жылу торабына, жертөлесіне жылу берілді. Ауқымды жұмыс істелді. Ғимараттар арасындағы желілер мен жылу тораптары қалпына келтірілді. Қазір пәтерлер арасына жылу тасымалдайтын магистраль құбыр мен жылу батареяларын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Өкінішке қарай, кейбір үйлердің пәтер иелері кооперативтері желіден су ағызған кезде дұрыс істемеген. Соның салдарынан аталған үйлерде жылу батареялары мен пәтерлер арасындағы магистраль құбырларды көптеп ауыстыруға тура келіп отыр. Өйткені, желі қатып қалған», - деді әкімдік өкілі.

Сондай-ақ, ол жылу жүйесі жөндеуге келмей жатқан үйлерді атады.

Ол штаб басшысы - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жөндеу қызметтерінің жұмысын үйлестіргенін атап өтті. Әр үйге жауапты жеке кәсіпорын бекітілген болатын.

Фото: t.me/KZgovernment

«Әсіресе, Сәтбаев 8, Мәшһүр Жүсіп 52, Әуезов 47, 46, 46-А, Шешенбеков 19-А мекенжайындағы үйлерде проблема бар. Штаб жетекшісі, Премьер-Министрдің орынбасары жөндеу қызметінің жұмысын қайта үйлестірген болатын. Енді әр үйге бір-бір кәсіпорын бекітілді. Ол кәсіпорындардың бірінші басшылары бекітілген үйдегі ақауды жою жұмыстарының басы-қасында жүр – қатқан желіні жібітіп жатыр. Бұл басшылар бүкіл ақау жойылғанша осы істің басында болады», - деді Олег Крук өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Фото: t.me/KZgovernment

Роман Склярдың мәліметі бойынша, қалаға жылу беру жұмыстарын қалпына келтіруге жеті ірі кәсіпорын атсалысқан. Олардың әрқайсысы көпқабатты үйлерге жауапты болып бекітілген.

Фото: t.me/KZgovernment

5 желтоқсанда 71 көпқабатты үйдің жертөлесіне жылу берілді.

Тура осы күні қала әкімдігі апталап жылусыз қалған проблемалы 12 үйдің жылу батареясы жаңаланғанын хабарлады. Сондай-ақ, пәтерлер арасына жылу тарататын магистраль құбырлар жөнделген. Жалпы апат кезінде 2 мыңдай жылу батареясы ауыстырылған.

Фото: t.me/KZgovernment


Жылу желіден ажыратылған үйлердің бәріне оралды

7 желтоқсанда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы техногендік апат кезінде ақау шыққан үйлердің бәріне жылу берілгенін мәлім етті.

«7 желтоқсан күнгі сағат 8.00-дегі жағдай бойынша зардап шеккен үйлердің бәріне жылу берілді. Желідегі судың жылу көрсеткіштері 83 градус болып кіріп, 56 градус жылумен қайтып жатыр. Судың қысымы 8,8 кг/см2», - деді Роман Скляр.

Фото: t.me/KZgovernment

Ол қаладағы жылу жағдайы үш күн ішінде толығымен қалыпқа келуі керек екенін атап өтті.

«Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Екібастұз жылу-электр орталығы қаладағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін барлық қажетті күшті жұмсауда. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы күндердегі оқиғалардың салдарынан пайда болған гидравликалық режимнің теңгерімсіздігі, соның ішінде тұтынушылар мен ПИК-тің желіден рұқсатсыз су ағызуы бұл жұмысты қиындатып жатыр. Барлық тұрғындарға шыдамдылық үшін алғыс білдіреміз және алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігермен жылу беру жағдайы толығымен қалыпқа келеді деп күтеміз», - делінген арнайы жедел штабтың хабарламасында.

Фото: t.me/KZgovernment

8 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдап, Екібастұз жылу-электр орталығындағы апаттың беті қалай қайтарылып жатқанын тыңдады.

Фото: akorda.kz

Аймақ басшысының сөзінше, Екібастұзды апаттан кейін қалпына келтіру жұмыстарын 15 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Төреші – уақыт

Екібастұз жылу-электр орталығындағы апат шығын ауқымы жөнінен өтіп бара жатқан жылдағы ең ірі апат болып тұр. Тұрғындардан баспанасының жылусыз қалғаны туралы 2000-нан астам шағым түскен. Кем дегенде 12 көпқабатты үйдің жылу батареялары ауыстырылып, пәтерге жылу тасымалдайтын магистраль құбыр жөнделген. Әкімдіктің алдында апаттан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын аяқтаған соң келген шығынды есептеу дейтін шаруа тұр.

Фото: t.me/KZgovernment

Сарапшылар Екібастұзда болған оқиға теориялық тұрғыдан еліміздің басқа қалаларында қайталануы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Мәселе, қондырғылар мен желілердің тозғанында ғана емес, мұндай маңызды нысандарды басқарудың тиімсіз тәсілінде болып тұр.

Бұл типтес нысандардың меншік иесін ауыстыру қажеттігі туралы да көп әңгіме айтылып жүр. Бірақ Үкімет тозығы жетіп, қалт-құлт етіп тұрған нысандарды сатып ала салуға асықпайтынын байқатты.

Бұған дейін Александр Клебанов Екібастұз жылу-электр орталығын мемлекетке 1 теңгеге сатуға дайын екенін мәлімдеген. 5 желтоқсанда Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин сол ұсынысқа пікір білдірді.

«Бұл мәселе әлі талдау сатысында тұр. Мұнда шешім қабылдамай тұрып, оның жағдайын тексеру керек. Егер бұл мемлекетке үлкен ауыртпалық салса және іс жүзінде біз объектіні алып, иесіне сыйлық жасағандай боламыз. Сосын оған барлық қаражатты саламыз. Сондықтан, ең алдымен, жағдайды бірлесіп түзету мәселесін қарастыру қажет», - деді Серік Жұманғарин Үкіметте журналистерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге Серік Жұманғарин Александр Клебановтың Екібастұз ЖЭО-сын мемлекетке бір теңгеге сатуға дайындығы туралы пікір білдірді.

«Үкімет бұл орталықты бір теңгеге сатып алып, 1 млрд теңге шығынға ұшырауы мүмкін. Сол үшін ЖЭО жай-күйін толық қарастырып, қанша қаражат кететінін талдау керек», - деді Вице-премьер.

8 желтоқсанның кешінде Екібастұздағы төтенше жағдай режимі күшін жойды. Жөндеуші бригадаларға әлі бірнеше күн табанды еңбек ету қажет. Өйткені жеке секторды жылуға жалғау жұмыстары әлі біткен жоқ. Қаланың мектептері мен балабақшалары жылу желісіндегі температура режимі әбден қалыпқа келгеніне көз жеткеннен кейін ғана штаттық жұмыс режиміне көшеді.

Апаттан тұрғындарға келген шығынды өтеу толығымен басты айыпкер — «Экибастузтеплоэнерго»ЖШС-не жүктеліп отыр. Жылумен жабдықтау кәсіпорындары қараша мен желтоқсан айлары үшін тұрғындардан коммуналдық төлем талап ете алмайтыны да алдын ала айтылды. Яғни, жылусыз қалып, әупіріммен желіге қосылған үйлердің тұрғындары 2 ай жылу төлеуден босатылып отыр. Бұл 150 мың тұрғыны бар қаланы қыс ортасында техногендік апат тұтқынында қалдырған компанияның алдына қойылған әділетті талаптың бірі ғана болса керек.

Негізгі фото: pavlodarnews.kz


Соңғы жаңалықтар