Аяулым Әміренованың әкесі: Олимпиадаға аттанған қызыма ақ жол тілеймін

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға Шығыс Қазақстан облысынан 9 спортшы жол тартты. Оның ішінде фристайлшы Аяулым Әміренова бар. Олимпиадада екінші рет ел намысын қорғайтын 20 жастағы Аяулым үшін отбасының, жақындарының қолдауы ерекше ыстық. Олар тақымдарын қысып, үкілеген үміттерін артып отыр. Қазақпарат тілшісімен әңгімелескен спортшының әкесі Серік Әміренов бауыр еті баласының жұлдызы жанып, жетістікке жетуіне ләйім тілекші екендігін жеткізді.

Үш жасынан шаңғы тебеді

4-20 ақпан аралығында Қытайдың Бейжің қаласында өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарында фристайл-могулдан бақ сынайтын 6 спортышының бірі – Аяулым Әміренова. Ол 2001 жылы 30 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында дүниеге келген. Өскемендегі Спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі.

Фристайлдан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған ол Еуропа кубогінің 2017 жылғы кезеңінің алтын, қола, күміс жүлдегері. 2018 жылы Пхенчханда өткен Олимпиада ойындарына қатысқан.

«Қызым 3 жасында шаңғы тебуді үйренді. Міне, содан бастап спортпен үздіксіз шұғылданып келе жатыр. Ең әуелі Өскеменнің іргесіндегі Алтай альпісіне апарып, спортқа баулыдық. 4 жасынан жаттықтырушы Сергей Аксеновтің тәлімін көріп, фристайл-могулға қызығушылығы артты», - дейді әкесі Серік Әміренов.

Бойында табандылық бар

Ерлі-зайыптылар 2 бала тәрбиелеп, өсірді. Тұңғыштары – ұл, Аяулым – кенжелері. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеген қыздарының мінезі ашық, сабырлы.

«Спортшының спорттан басқа дүниелермен айналысуға көп уақыты бола бермейді. Қызымыз осы жолды таңдап, бар ынтасын, күш-жігерін соған сарп етіп жүр. Алайда сабақтан да еш қол үзбеді. Мектепті кілең бестікке аяқтап, «Алтын белгі» иегері атанды. Спортта сабырсыз, төзімсіз адамның жетістікке жетуі екіталай. Ал баламыздың бойында табандылық, шыдамдылық бар. Олимпиадаға аттанған қызыма ақ жол тілеймін! Туған-туыстары, жерлестері, мұқым Қазақстан қолдауларын білдіруде. Баршаңызға ризамыз!», - деді Серік Әміренов.

Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин Аяулымға сәттілік тілеп, жеңіспен оралуына тілеулестігін жеткізді.

«Фристайл - қазақтың ұл-қыздары үшін игерілмеген аса күрделі спорт түрі. Соған қарамастан Аяулым өзінің табандылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында биік белестерді бағындыруда. Аяулым Серікқызына Олимпиада ойындарында сәттілік тілеймін! Аспан асты елінде ел намысын қорғап, жеңіс биігінен көрінуіне тілекшімін. Еліміздің ғана емес, облысымыздың, ауданымыздың намысын қорғайтыныңа зор сенім білдіремін!», - деді ол.

95 елдің кіл мықтылары сайысқа түсетін қысқы Олимпиада спорттың 7 түрінен өтеді. Жалпы саны 109 медаль ойнатылмақ. Қазақстандық спортшылар фристайл, трамплиннен шаңғымен секіру, биатлон және тау шаңғысы сияқты спорт түрлері бойынша өнер көрсетеді.

Олардың ішінде 9 шығысқазақстандық бар. Атап айтқанда, Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Олеся Граур, Сергей Ткаченко, Галина Вишневская-Шепоренко және Захар Кучин. Әрқайсысы ірі халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып келеді. Республикадағы барлық өңірлер арасынан ең көп спортшы осы облыстан шықты.


Соңғы жаңалықтар