Аян Молдағалиев спорттық гимнастикадан әлем кубогында бестікке енді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Хорватияның Озиек қаласында спорттық гимнастикадан әлем кубогі кезеңі мәресіне жетті. Аталған сында Қазақстан атынан Аян Молдағалиев пен Фарух Нәбиев өнер көрсетті, деп жазады Olympic.kz.

Гимнастикалық қоссырықтағы жаттығудан финалға жолдама алған Аян Молдағалиев 5-ші орыннан көрінді. Бұл талантты әрі жас спортшының кубоктық кезеңге алғаш рет қатысуы. 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында көзге түскен Аян бапкерлер тарапынан жақсы бағаға ие болып отыр. Сондай-ақ, Аян гимнастикалық ат снарядында 22-ші орын иеленген.

Ал Фарух Нәбиев қоссырықта 13-ші, кермеде 22-ші, қол тіреп секіруде 14-ші, ат снарядында 29-шы сатыға тұрақтады.

«Аян жастығына, әлем кубогына алғаш рет қатысқанына қарамай, үздіктер қатарынан орын алып, бестікке енді. Оған тек жарайсың дейміз. Сәл ғана тәжірибе жетпей қалды. Базалық жаттығулары қиындығы жөнінен ақсап тұр. Десе де, көңілімізден шықты», - дейді бас бапкер Александр Ким.

Еске сала кетейік, Хорватиядағы әлем кубогы кезеңінде сынға түскен екі спортшымыз да 2001 жылы туған.

Соңғы жаңалықтар