Аялдамадағы жол апаты: тірі қалған адамның беті бері қарады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда аялдамада болған жол апатынан тірі қалған адамның жағдайы жақсарды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Ол қазір Алматы жедел шұғыл медициналық қызмет көрсету ауруханасында жатыр. Жағдайы бірқалыпты жақсы. Неврологиялық симптоматикасы жақсарып келеді. Емделіп жатыр», - деді баспасөз қызметінен.

Айта кету керек, жол апаты 16 наурызда Медеу ауданында болған. Тәтібеков көшесімен шығысқа бет алған Toyota Corolla жүргізушісі көлікті басқара алмай қалып, Reno Duster көлігіне соғылған болатын. Сосын екпінімен келіп аялдамадағы үш адамды қағып, жекеменшік үйдің қоршауын қиратып тоқтаған. Оқыс оқиға салдарынан аялдамада тұрған 31 жастағы әйел қайтыс болған еді. Кеше тағы бір әйелдің ауруханада ес жимастан көз жұмғанын хабарладық.

Прокуратура жүргізушіге тағылған қылмыстық істің бабын өзгертті. Енді жүргізуші ҚР ҚК 346-бабының 5-бөлімі бойынша жауап бермек.

«Тәтібеков пен Коперник қиылысында болған жол апатына байланысты қылмыстық іс прокуратураның бақылауында. Процессуалды прокурор тағайындалды. Қазір ол 346-бабының 5-бөлімімен яғни, көлік жүргізу құқығы жоқ, мас күйінде айдаудың кесірінен екі немесе одан көп адамның өліміне әкелген жол апатына себепкер болды деген айыппен қамалып отыр», - деді Алматы прокуратурасынан. Күдікті қазір сот санкциясымен уақытша оқшаулау изоляторына жабылды.

Соңғы жаңалықтар